ЕрекшеЖаңалықтар

Санжар Боқаев көтерген мәселеден кейін Алматыда аудан әкімдері жазаланды

Алматыда гранит, асфальт шуларынан соң аудан әкімдері жазаланды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды қалада асфальттар опырылып, граниттер мен жабын тастарды шешіп алу оқиғалары шу болып жатқан тұста аудан әкімдері мен қызметкерлерге сөгіс жариялады.

Қаладағы қалың жауыннан соң асфальттар опырылып, су ағатын арықтар толып қалған еді. Осыған байланысты қала әкімі Сатыбалды Әуезов ауданының әкімі Абзал Егембердиевке қатаң сөгіс берді. Бостандық ауданындағы траншеяларды су шайып, әл-Фараби даңғылы мен Жароков көшесіндегі плиталарды негізсіз ауыстыру фактілеріне байланысты аудан әкімінің орынбасары қызметінен алынды. Қала басшылығы Бостандық ауданы әкімі әлі тағайындалмағандықтан, орынбасары жазаланғанын меңзеді.

Сондай-ақ Медеу ауданы Уәлиханов бульварындағы жабын тастарды “заңсыз шешіп алып, плиткаларды жеке үйге жеткізу оқиғасына” байланысты Медеу ауданы әкімі Еркебұлан Оразалинге де сөгіс жарияланды. Әкімдік жабын тастар мен плиткаларды алу оқиғалары бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтады. Үлкен Алматы өзенінің арнасын жөндеп, іргелес аумақтарды абаттандырып жатқан “Павлодар өзен порты” жұмысы да тексерілмеді дейді қала басшылығы.

Бұған дейін Алматыда белсенді Санжар Боқаев Үлкен Алматы өзені бойындағы гранит тастарды әлдекімдер жеке бас пайдасына жарату үшін ұрлап жатқанын әшкереледі. Оның айтуынша, халық қаржысына алынған қала мүлкіне қол сұғу бір реттік ұрлық емес, жүйелі схемаға айналған. Әкімдік болса бұл дауды “жеке адамдардың ұрлық әрекеті” деп түсіндірді.

Back to top button