
Ресейдің «Лукойл» мұнай компаниясы өзінің шетелдік еншілес ұйымын Gunvor Group мұнай трейдеріне сату жөніндегі келісімді мақұлдағанын хабарлады. Бұл шешім АҚШ-тың санкциялар енгізуіне байланысты қабылданған, деп хабарлайды BBC.
«Лукойл» Gunvor Group-қа LUKOIL International GmbH компаниясын сату жөніндегі ұсынысын қабылдап, басқа әлеуетті сатып алушылармен келіссөз жүргізбеуге міндеттелді.
«LUKOIL International GmbH-нің сатылуы – бірқатар елдердің “Лукойл” және оның еншілес ұйымдарына қарсы шектеу шараларын енгізуімен байланысты», – делінген компания мәлімдемесінде.
Мәміленің қаржылық және техникалық параметрлері нақты айтылмағанымен, оның негізгі шарттары тараптар арасында келісілген. Енді соңғы келісімшарттың жасалуы бірнеше талаптың орындалуына байланысты. Атап айтқанда, Gunvor Group АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасынан (OFAC) рұқсат алуы тиіс, қажет болған жағдайда өзге елдерден де лицензия алынады.
23 қазанда АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйге қайта оралғаннан кейін алғаш рет Ресейге Украинадағы соғыс үшін санкциялар енгізетінін жариялады. Бұл шектеулер «Лукойл» мен «Роснефть» секілді Ресейдің ірі мұнай компанияларына және олардың еншілес кәсіпорындарына бағытталған.
Reuters агенттігі атап өткендей, халықаралық активтерді сату туралы шешім — «Лукойлдың» соғыс басталғалы Батыс санкцияларына жауап ретінде жасаған ең маңызды қадамдарының бірі.
Gunvor компаниясын швед кәсіпкері Торбьорн Торнквист пен ресейлік бизнесмен Геннадий Тимченко құрған. Тимченко Ресей президенті Владимир Путиннің жақын серіктерінің бірі ретінде белгілі.
2014 жылы Ресей Қырымды аннексиялағаннан кейін Тимченко өз үлесін Торнквистке сатқан, сөйтіп компания санкциялық тізімнен тыс қалған. Сол кезде АҚШ Қаржы министрлігі Путиннің Gunvor компаниясына инвестициясы бар екенін және оның қаражатына «жеке қолжетімділігі болуы мүмкін» екенін мәлімдеген еді.
BBC-дің Орыс қызметінің редакторы Ольга Шамина:
«Lukoil International компаниясының сатылуы — АҚШ санкцияларының тікелей салдары. Өткен аптада “Лукойл” мен “Роснефть” санкциялық тізімге енгізілді. Осыдан кейін бұл компаниялардың халықаралық қызметі іс жүзінде тоқтады: америкалық банктердегі операциялар бұғатталды, ал олармен жұмыс істеген кез келген бизнес екінші реттік санкцияларға ұшырау қаупіне тап болды. Сол себепті халықаралық активтерді сату — қисынды әрі мәжбүрлі шешім», — дейді ол.
«Лукойлдың» негізгі қызметі Ресейде шоғырланғанымен, халықаралық нарықтағы үлесі де ауқымды. Компания 30 елде жұмыс істейді және 5 мыңнан астам жанармай құю бекетіне иелік етеді. Тіпті Еуропадағы желісін де сақтап отыр. 2024 жылы «Лукойл» жанармай сатылымының 20 пайызы Еуропа нарығына тиесілі болған.
ТМД елдерінде компанияның мұнай өндіру кәсіпорындары жұмыс істейді. Сондай-ақ Румыния мен Болгарияда екі мұнай өңдеу зауыты бар. Ал Нидерландтағы бір зауыттың 45 пайыз үлесі де «Лукойлға» тиесілі.
Әзірге сөз тек Lukoil International компаниясын сату туралы болып отыр. Бірақ «Лукойл» барлық шетелдік активтерін дәл осы құрылым арқылы басқара ма, ол жағы нақтыланбаған. Кейбір нысандар басқа еншілес компаниялар арқылы иелік етуі де мүмкін.
Gunvor-ды сатып алушы ретінде атаған компанияны кезінде Владимир Путиннің жақын серігі саналатын Геннадий Тимченко құрған. Ол ресми түрде меншік иелері қатарынан шыққан, алайда компанияның ресейлік капиталмен бейресми байланысы бар-жоғы әзірге белгісіз.