Санкциядағы «Лукойлдың» Қазақстандағы активтері Үкімет үшін «сезімтал мәселеге» айналды

Бүгін Батыс елдерінің санкцияларына ілінген ресейлік “Лукойл” компаниясы шетелдегі активтерін сатады деген ақпарат шықты. Бұл мәліметтің ізінше Қазақстанның журналистер осы салаға жауапты Энергетика министрі мен “Самұрық-Қазына” басшысына сұрақ қойды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ресейдің мұнай алыбы – «Лукойл» компаниясы халықаралық активтерін сатуды жоспарлап отырғанын жақында мәлімдеді. Компания мұны АҚШ тарапынан өзіне және еншілес құрылымдарына қарсы енгізілген санкциялармен байланыстырады, деп хабарлады баспасөз қызметі.
«Компания мен оның еншілес ұйымдарына бірқатар елдерде шектеу шаралары енгізілуіне байланысты, компания өз халықаралық активтерін сатуды жоспарлап отырғанын хабарлайды», – делінген компанияның мәлімдемесінде.
Сату процесі АҚШ қаржы министрлігінің шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) берген лицензия негізінде жүргізіледі. Егер лицензияның мерзімі аяқталса, «Лукойл» оны ұзарту үшін өтінім беруді жоспарлап отыр. Бұл шетелдегі активтердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған. Қазірдің өзінде әлеуетті сатып алушылардың ұсыныстары қаралып жатыр.
22 қазан, сәрсенбі күні АҚШ Ресейдің екі ірі мұнай компаниясына – «Роснефть» пен «Лукойлға» санкция салған.
Сондай-ақ санкциялар «Роснефть» пен «Лукойлға» 50 пайыз немесе одан көп үлесі тікелей не жанама түрде тиесілі барлық еншілес компанияларға тарайды. Тыйым салынған еншілес фирмалар тізімінде 34 ұйым бар.
МИНИСТР АҚКЕНЖЕНОВ НЕ ДЕЙДІ
Ақорда кулуарында Қазақстанның энергетика министрі Ерлан Ақкенженов «Лукойл» Қазақстанда ҚазМұнайГаз ұлттық компаниясымен серіктес екенін айта келе «солардан сұраңыздар» деді. Үкіметтік деңгейде бұл мәселе әлі талқыланбағанын мәлімдеді.
“Бұл – компаниялар арасындағы коммерциялық қатынастар. «Лукойлдың» серіктесі – «ҚазМұнайГаз». Бұл ТШО-дағы үлеске де, басқа жобаларға да қатысты. Сондықтан бұл мәселе бойынша «ҚазМұнайГазға» сұрақ қойған орынды. Ал үкімет тарапынан бұл жөнінде әзірге ештеңе естіген жоқпын”, – деді ол.
Ал оның орынбасары Санжар Жаркешов Үкіметтегі брифингте Энергетика министрлігі бұл іспен айналыспайтынын мәлімдеді.
«Бұл мәселе әзірге ерте. Қазір Энергетика министрлігі бұл бағытта жұмыс жүргізіп жатқан жоқ», — деді ол.
Сонымен қатар вице-министр бұл мәселемен қазір Сыртқы істер министрлігі айналысып жатқанын хабарлады.
«Өйткені бұл жаңалықтар әлі жаңа, жақында ғана белгілі болды. Энергетика министрлігі Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Жақын уақытта қандай да бір жаңалықтар болады деп ойлаймын. Үлкен жұмыс атқарылып жатыр. Энергетика министрлігі мен СІМ өзге елдердің мемлекеттік органдарындағы әріптестерімен бірлесіп әрекет етуде», — деді Жаркешов.
САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА БАСШЫСЫНЫҢ ЖАУАБЫ
Ал «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Нұрлан Жақұповтың айтуынша, қазір халықаралық кеңесшілердің қатысуымен «ҚазМұнайГаздың» қалыптасқан жағдайдан шығу жолдарын анықтауға бағытталған ауқымды әрі күрделі жұмыс жүріп жатыр.
«Өйткені “Лукойл” Қазақстанда 30 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Компанияның елімізде ірі жобалары бар — ол Теңіз, Қарашығанақ және Kalamkas–Khazar Operating жобаларының акционері. Сондықтан бұл мәселе өте күрделі әрі кешенді. Қазақстан үшін де, “ҚазМұнайГаз” үшін де “Лукойл” әрдайым сенімді серіктес болды және солай болып қала береді. Екінші жағынан, біз заңнама мен қолданыстағы санкциялық талаптарға сай жұмыс істейтін адал корпоративтік азаматпыз. Сондықтан алдағы уақытта осы бағыттағы жұмысты санкциялық шектеулерді ескере отырып қалай жалғастыру керектігі жөнінде шешім қабылдаймыз. Бұл өте коммерциялық тұрғыда сезімтал мәселе», — деді Жақұпов.
“ЛУКОЙЛДЫҢ” ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АКТИВТЕРІ
«Лукойл» компаниясы Kalamkas–Khazar Operating компаниясындағы 50%, Al-Farabi Operating компаниясындағы 49,9%, Karachaganak Petroleum Operating B.V. құрамындағы 13,5%, Каспий құбыр консорциумындағы 12,5% және Теңізшевройлдағы 5% үлеске ие.