«Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобында, оның ішінде Астана қаласында орналасқан еншілес ұйымдарда әкімшілік-басқару құрамын жоспарлы түрде оңтайландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы қор Tizgin.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Жауапта қазір «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобында, соның ішінде Астана қаласында орналасқан компанияларда әкімшілік-басқару персоналының санын оңтайландыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатқаны атап өтілген.
«Аталған жұмыс ұйымдық құрылымның тиімділігін арттыруға, қайталанатын функцияларды жоюға және басқару процестерін жетілдіруге бағытталған», – делінген жауапта.
Бұған дейін БАҚ-та «Самұрық-Қазына» қызметкерлерінің 10%-ын қысқартып жатқаны туралы жазылған еді. Әңгіме ұлттық холдинг «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының бас кеңсесіндегі құрамды қысқарту жайында болып отыр, деп хабарлаған Atameken business дереккөздері.
Президент үкіметтің кеңейтілген отырысында нақты жұмысқа жүктелмеген қызметкерлерді сынға алып, кадрлық құрылымды қайта қарау қажеттігін мәлімдеген болатын. Тоқаевтың айтуынша, бірқатар квазимемлекеттік ұйымдарда өндірістік процестерге нақты тартылмаған қызметкерлер қабаты қалыптасқан. Мемлекет басшысы мұндай қызметкерлердің жұмыс уақытында кафе мен қонақүйлерде сағаттап отырып, өзара сөйлесіп, интернетті пайдаланып, нақты міндеттерді орындамайтынын атап өткен.