Сабыров “Вагнер” әскеріне 10 мотоцикл сыйға тартқан – желідегі видео көпті таңғалдырды
Желіде Нұрлан Сабыровтың «Легион Вагнер Истра» бөлімшесінің жауынгерлеріне мотоциклдер табыстау сәті бейнеленген видео тарады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Видео алғаш рет 2025 жылдың шілде айында Истра әкімшілігінің басшысы әрі «Единая Россия» партиясының жергілікті бөлімшесінің хатшысы Татьяна Витушеваның Telegram-арнасында жарияланған. Кейін ол жазбаны өшіргенімен, оның көшірмесі веб-архивте сақталған. Сондай-ақ дәл осыған ұқсас видео «Подмосковье жаңалықтары Z» атты ВК-пабликте де қолжетімді.
«Бүгін біз жақсы, игі іс жасап жатырмыз. “Легион Вагнер Истра” жауынгерлеріне көмектеспекпіз. Бұл қуатты эндуро мотоциклдер түріндегі шағын көмегімді олар қабылдайды деп үміттенемін. Олар гуманитарлық жүк пен азық-түлікті жеткізуге міндетті түрде қажет болады. Жігіттердің аман-есен, жеңіспен оралуын Алла нәсіп етсін», – дейді Сабыров видеода.
«Легион Вагнер Истра» – ЧВК «Вагнер» таратылғаннан кейін құрылған Ресей қорғаныс министрлігінің бөлімшесі. Оны «Ратибор» лақап атымен танымал Александр Кузнецов басқарады. Ол бұған дейін «вагнерліктер» қатарында командалық қызмет атқарған.
«Важные историй» басылымының мәліметінше, Сабыров бұл техниканы ресейшіл екенін көрсету мақсатында табыстаған. Бұл ФСБ оны ынтымақтастыққа тартуға тырысқан кезеңде болған. Комикке жақын танысының айтуынша, әртісті бірнеше рет Лубянкадағы ғимаратқа «өзара іс-қимыл» жөнінде әңгімеге шақырған, алайда ол нақты жауап беруден жалтарып отырған. Соның салдарынан оған Ресейде тұруға рұқсат (ықтиярхат) беру үш реттен бас тартылған.
2026 жылы 6 ақпанда Сабыров БАӘ-ден ұшып келген соң Внуково әуежайынан ары Мәскеуге кіре алмай қойды. Комикке Ресейге 50 жылға кіруге тыйым салынды. РИА Новости дереккөзі бұл шешім «ұлттық қауіпсіздік мүддесі, заңнаманың сақталуы және дәстүрлі рухани-адамгершілік құндылықтарды қорғау» мақсатында қабылданғанын түсіндірді. Осыдан кейін комик Алматыға ұшып келді.