Сабина Алтынбекова өзін “ажырасқан” деп жазған БАҚ-ты сотқа бермек
Спортшы өзінің жеке өміріне қатысты мәліметтердің жариялануына келісім бермегенін айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
МАҚАЛАДА НЕ ЖАЗЫЛҒАН
Қазақстандық волейболшы Сабина Алтынбекова Threads әлеуметтік желісінде Orda.kz басылымының бөлімі саналатын Orda sport редакциясына наразылығын білдірді.
Спортшының айтуынша, Orda sport порталында жарияланған материалда оның отбасылық жағдайы – «ажырасқан» деп бірнеше мәрте көрсетілді.
«Жеке өміріме қатысты мәліметтердің жариялануына келісім берген жоқпын. Мұндай ақпарат беру тәсілі мені кемсітеді әрі Қазақстан Республикасы заңнамасында, соның ішінде “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы” заңда кепілдік берілген ар-намысым, қадір-қасиетім және жеке өміріме қол сұғылмау құқығымды бұзады», – деп жазды Сабина Алтынбекова.
Спортшы редакциядан материалдарды өшіруді немесе өңдеп, жеке өміріне қатысты деректерді алып тастауды, жеті күн ішінде ресми кешірім сұрауды (немесе теріске шығару жариялауды), сондай-ақ талаптардың орындалғаны туралы өзіне жазбаша хабарлауды талап еткен.
«Қойған талаптарым белгіленген мерзімде орындалмаса, өз құқықтарымды қорғау және моральдық зиянды өндіру үшін сотқа жүгінуге мәжбүр боламын», — дейді ол.
Дәлел ретінде Алтынбекова Orda sport сайтында өзі туралы жарияланған жаңалықтардың скриншоттарын бөліскен. Онда материалдардың басым бөлігінде оның есімі «ажырасқан» деген анықтауышпен қатар берілгені көрінеді.
ТАҒЫ БІР ЖАЗБА ҚАЛДЫРДЫ
Редакцияға наразылығы мен сотқа жүгіну ниетін жариялағаннан кейін спортшы тағы бір жазба қалдырды.
«Бір сөзді таңбаға айналдыруға тырысқанын бақылау қызық екен. “Ажырасқан”. Спортшы емес, әйел емес, жеке тұлға да емес. Жай ғана “ажырасқан” делінді. Бірақ ажырасу – маңдайға жағылған күйе емес. Бұл өмірдің бір кезеңі. Мен әйелмін. Анамын. Кәсіби маманмын. Менің мәртебем менің құндылығымды айқындамайды. Қазақстан әйелдері өзгенің сценарийімен өмір сүруге міндетті емес. Біз өз өмірімізді таңдауға құқылымыз» – деп жазды ол.
Жазба астында спортшыға қолдау білдірген оқырмандар журналист тарапынан мұндай оқыс тақырып қойылуы кәсібилікке сай келмейтінін атап өткен. Дегенмен арасында спортшыны кемсітуге бағытталған пікірлер де байқалды.