Respublica Құрылтайдағы тоғыз мандатты кімдерге беретінін жариялады

Respublica партиясының Орталық кеңесі Құрылтайдағы тоғыз депутаттық мандатты иеленуге ұсынылған кандидаттарды анықтады. Олардың бесеуі Мәжілістің VIII шақырылымында депутат болған, ал тағы төрт кандидат парламентке алғаш рет келмек, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Respublica атынан кімдер ұсынылды
Партияның Орталық кеңесі 2026 жылғы 23 тамызда өткен Құрылтай сайлауының қорытындысы бойынша тоғыз кандидатқа депутаттық мандат бөлу туралы шешім қабылдады.
Тиісті құжаттар кандидаттарды тіркеу үшін Орталық сайлау комиссиясына жолданады.
Respublica атынан Құрылтай депутаттығына мына кандидаттар ұсынылды:
- Бекжан Айтқұлов – партияның Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатының VII–VIII шақырылымдарындағы депутаты;
- Руслан Идрисов – кәсіпкер, Global Food компаниясының құрылтайшысы, Алматы қаласы мәслихатының VIII шақырылымындағы депутаты;
- Мейірхат Қасымбаев – кәсіпкер, Capital Road Construction компаниясы бақылау кеңесінің төрағасы;
- Олжас Құспеков – Respublica партиясы төрағасының орынбасары, Мәжілістің VIII шақырылымындағы депутаты;
- Динара Наумова – Мәжілістің VIII шақырылымындағы депутаты, Қазақстан Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі;
- Екатерина Смолякова – Мәжілістің VIII шақырылымындағы депутаты;
- Нұргүл Тау – Мәжілістің VIII шақырылымындағы депутаты;
- Махамбет Хасенов – Special Oil Projects компаниясы мен «Альмерек» мұнай базасының құрылтайшысы және бас директоры, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы;
- Айдарбек Қожаназаров – Respublica партиясының төрағасы, Мәжілістің VIII шақырылымындағы депутаты әрі партияның Парламенттегі фракция жетекшісі.
Бес депутат парламенттегі жұмысын жалғастырады
Respublica тізіміндегі тоғыз кандидаттың бесеуі бұған дейін Мәжілістің VIII шақырылымында депутат болған. Олар – Олжас Құспеков, Динара Наумова, Екатерина Смолякова, Нұргүл Тау және Айдарбек Қожаназаров.
Бұл саясаткерлер Мәжілістен кейін парламенттік жұмысын Құрылтай құрамында жалғастырмақ.