Ресейшіл блогер Аслан Төлегенов сотталып кетті
«Северный казах» лақап атымен танылған блогер Аслан Төлегенов ұлтаралық жанжал тудырғаны үшін сотталды, деп хабарлайды Tizgin.kz КазТАГ-қа сілтеме жасап.
ҚАНДАЙ ЖАЗА ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
КазТАГ жіберген сауалхатқа Көкшетау қалалық сотының баспасөз қызметіндегілер «Сот үкімімен Т. кінәлі деп танылып, оған үш жыл тоғыз ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды» деп жауап берген.
Бұл іс Қылмыстық кодекстің 174-бабы 1-бөлігі және 274-баптың 2-бөлігі 3-тармағы бойынша (ұлтаралық араздық қоздыру және көрінеу жалған ақпарат тарату) қаралды.
«Сот оның Т. YouTube видеохостингіндегі өз арнасында ұлтаралық араздық тудыруға бағытталған бейнероликтерді орналастырып, жариялағанын анықтады. Бұл факті сарапшылар қорытындысымен расталды. Сонымен бірге, Т. көрінеу жалған ақпарат таратқан. Сотта Т. өз кінәсін толық мойындап, ұсынылған дәлелдерге қарсылық білдірмеді. Іс қысқартылған тәртіппен қаралды. Айыпталушының кінәсі оның мойындауынан бөлек, сот сараптамаларының нәтижелерімен, ұялы телефонындағы материалдармен, интернет-парақшасымен, бейнежазбалармен және өзге де дәлелдермен дәлелденді. Жаза тағайындау кезінде сот Т.-ның бұрын сотталмағанын және шынайы өкініш білдіргенін жеңілдететін жайт ретінде ескерді», — деп нақтылады сот.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.