Қазақстанның энергетика министрі Ерлан Ақкенженов БАҚ өкілдерімен кездесуі кезінде Ресей Қазақстанда салуы тиіс үш жылу электр орталығының келешегі жөнінде сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ақкенженовтің айтуынша, Қазақстан үкімет Көкшетаудағы жылу-электр орталығын өз күшімен салу жөнінде шешім қабылдаған. Бұл мәселе Ресейге ескертілген. Күзде аталған нысанның жерін қазу жұмыстары басталған. Ал алаңды дайындау қарқынды жүргізіліп жатыр. Министрдің сөзінше, Көкшетаудағы ЖЭО-ның құрылыс жұмыстарын толығымен «Самұрық-Энерго» компаниясы өзі атқарады.
Ал Семей мен Өскемен қалаларында салынуы тиіс тағы екі ЖЭО жобасы бойынша Қазақстан әзірге оларды қаржыландыруға дайын инвестор таппай отыр.
“Аталған екі жоба бойынша (Семей мен Өскемендегі ЖЭО) Ресей тарапынан жеңілдетілген қаржыландыруға қатысты әлі күнге дейін нақты жауап келген жоқ. Қазақстан бұл мәселені «ыңғайлы сәттерде» үнемі еске салып келеді. Егер алда жауап сол күйі келмесе, Қазақстан бұл жобаларды да өз күшімен іске асыруға мәжбүр болады, – деді министр.
ҮШ ЖЫЛУ ЭЛЕКТР ОРТАЛЫҒЫ
Ресейлік «Интер РАО-Экспорт» компаниясы Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында үш жылу электр орталығын (ЖЭО) салуы тиіс еді. Алайда жоба іске аспай қалды. Бұған бірнеше себеп бар. Ең бастысы — қаржыландыру мәселесі. Бастапқыда жобаны Ресей тарапынан жеңілдетілген несие арқылы қаржыландыру жоспарланған. Алайда Ресейдің Орталық банкі негізгі мөлшерлемені 16%-дан 21%-ға дейін көтерген соң, бұрынғы қаржыландыру шарты тиімсіз болып қалды. Бұл жағдай жобаның экономикалық тиімділігін төмендетіп, «Интер РАО» құрылысқа кірісе алмады. Қазақстан Үкіметі енді жобаны өз күшімен жүзеге асыруға ниетті екенін мәлімдеді.
Ал Қазақстандағы үш АЭС-тің алғашқысы Росатом салатыны бұған дейін хабарланған.