ЕрекшеЭкономика

Ресей ЕАЭО-да Қазақстанға тағы бір тиімсіз шарт қойды

Еуразиялық экономикалық одақ ішінде Қазақстан басқа мемлекеттердің экономикасымен терезесі тең бәсекелесе алмай тұр. Мұндай мәселе барын жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та атап өткен еді. Бұл экономикалық одақ бізге қаншалықты тиімді? Қазақстан бұл одақтан шыға ала ма? Бұл сұрақты бүгін журналистердің бірі Үкіметтің баспасөз орталығында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевке қойды, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы.

“БІЗ ЕШҚАЙДАН ШЫҚПАЙМЫЗ”

Арман Шаққалиев бұл сұраққа бірден “біз ешқайдан шықпаймыз” деп тура жауап берді. Министрдің сөзінше, одақтың “артықшылықтары мен пайдасы айқын”.

“Кейінгі 10 жылда ЕАЭО елдерімен өзара тауар айналымы артты. Биыл бұл көрсеткіш шамамен 20 миллиардқа жетті. Бұл – біз үшін өте ауқымды өткізу нарығы. Біз бірқатар бағыттар бойынша бір-бірімізді толықтырамыз, сондықтан «шығамыз ба» деген мәселе мүлде қарастырылмайды, – деп бірден атап өтті Шаққалиев.

Министрдің сөзінше, экономикалық одақтағы мемлекеттердің өз ішінде өндірісті қолдауы бірдей болмайды. Әлемнің әрбір елінде өзінің басымдыққа ие салалары бар дейді ол. 

“Ең бастысы, біз бүкіләлемдік сауда желісінің қатысушыларының біріміз. Қазақстан да, Ресей де ДСҰ аясындағы келісімдерге қол қойғанбыз. Ол жерде белгілі бір ойын ережелері бар: қай салаларда қолдау көрсетуге рұқсат етілетіні, қай жерде тыйым салынатыны нақтыланған. Біздің міндетіміз – ауыл шаруашылығын қоса алғанда, базалық салаларда қолдаудың қажетті деңгейін қамтамасыз ету. Алайда бұл қолдау субсидия алушылардың нақты экономикалық өсім беруіне бағытталуы тиіс, – деді Арман Шаққалиев.

Шаққалиевтің айтуынша, Қазақстан агроөнеркәсіп кешенін қолдауға 114 миллиард теңгеден астам қаржы бөледі, ал субсидия алушылардың 70 пайызы – шағын және орта бизнес өкілдері.

Журналист Жолдауда Президенттің сүт және сүт өнімдері саласында Қазақстанда ұтылып жатқанын есіне салды. Шаққалиевтен тағы қандай салаларда Қазақстан есесін жіберіп отырғанын білгісі келді. “Қазақстанды не себепті Ресей мен Беларусь өз ережелерімен ойнатқысы келеді?” деп те тіке сауал қойды.

“Агросаладағы техникалық талаптарға қарасақ, сүт және сүт өнімдері жағынан көптеген шаруалар атқарылып жатқаны ешкімге құпия емес. Біз сапалы шикізатпен өзімізді қамтуымыз керек. Техникалық, санитарлық және ветеринарлық регламенттер бар. Екіншіден, тауарлы сүт және сүт өнімдерінің өндірісін арттыру керек. Айдарбек Сейпелұлы (Сапаров – ауыл шаруашылығы министрі) ол туралы кеңірек айта жатар. Біз мысалға Қазақстанның балмұздағын келтіре аламыз. Біздің бүкіл сала ұтылып жатыр деуге болмайды. Бірақ жекелеген позициялар бойынша біз айтарлықтай бәсекеге қабілеттіміз. Біздің міндет – тепе-тең әрі тұрақты ойыншыларды қалыптастыру. “Мына йогурт Қазақстанның өнімі” дейтіндей, біздің өнімнің тиражын арттыру керек”, – дейді ол.

РЕСЕЙДІҢ ТАЛАБЫ

Ресей тарапы қазір ортақ сыра және шарап нарығында жаңа талаптарды ұсынып отыр. Нақтырақ айтқанда, сыра жасайтын арпа мен шарап жасайтын жүзім “ЕАЭО елдерінде өсірілуі керек” деген талапты алға тартқан. Ал шарапты тонналап өндіретіндей Қазақстанда жүзім өсірілмейді. Бизнес өкілдері осыған байланысты отандық сыра және шарап бизнесіне үлкен қауіп төніп тұрғанын айтып, дабыл көтеріп жатыр. 

Бұл жөнінде Арман Шаққалиев былай дейді:

“Арпа жөнінде техникалық регламент ортақ консенсуспен қабылданады. Одақтағы үш-төрт қатысушы қолын көтеріп, дауыс беріп, бәрін шеше салмайды. Сол себепті біздің дауыссыз ешқандай өзгеріс енгізілмейді”.

Министрдің сөзінше, сыра одағымен қосып, мемлекеттік органдар араласып, ЕАЭО-да ортақ ұстаным қалыптастыру шаруасы атқарылып жатыр. Шаққалиев журналистерді “сыра нарығында Қазақстанның дауысынсыз ешқандай шешім қабылданбайды” деп сендіреді. 

“Біз сыра одағымен бір ұстанымды қалыптастырып алайық. Біздің дауысымыз ешқандай шешім қабылданбайды” деп түйді министр.

КЕДЕНДІК БАЖ ӘДІЛ БӨЛІНБЕЙДІ

Еуразиялық экономикалық одақта кедендік баждан түсетін табыс қайта бөлуге Қазақстанның сауда серіктестері көнбей отырғанын бұған дейін Tizgin.kz жазған еді. 2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін оның Батыс елдерімен экономикалық қатынастары көп үзілген. Ізінше, тауарлар логистикасы өзгеріп, бұрын Ресей арқылы келетін тауарлардың көбі қазір Қазақстан мен Қырғызстан арқылы одақ елдеріне жеткізілетін болған. Бұдан кейін одақта кедендік баж түсімін бөлу мәселесі қайта қаралуы керек еді. Алайда Ресей мен Беларусь бұған көнбей отыр.

Back to top button