ГеосаясатЕрекшеЖаңалықтар

Ресей бұл соғысты аяқтағысы келмейді – Зеленский

Украина президенті Владимир Зеленский өз үндеуінде Кремльді мемлекет басшылары деңгейінде кездесу өткізу қажеттілігінен «қашуға» тырысып, соғысты аяқтағысы келмей отыр деп айыптады, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы DW-ға сілтеме жасап.

Мәскеу «Ресей мен Украина басшыларының кездесуін өткізу қажеттілігінен қашуға тырысып жатыр» деді Украина президенті Владимир Зеленский өз бейнеүндеуінде. Оның айтуынша, Ресей қарулы күштері «әлем Ресейден соғысты аяқтау жөніндегі келіссөздер бойынша жауап күтіп отырған сәтте Украинадағы америкалық мүлікке әдейі соққы жасаған».

«Алға жылжу шын мәнінде мүмкін болатын екі формат бар. Бұл – көшбасшылар деңгейіндегі форматтар. Екіжақты формат – Украина мен Ресей. Үшжақты – Украина, АҚШ және Ресей. Біз бұл мәселені Вашиңтонда талқыладық. Путин бұған АҚШ президенті Трамппен сөйлескен кезінде де тоқталған. <…> Олар кездесуден қашып отыр. Олар бұл соғысты аяқтағысы келмейді», – деп жалғастырды Зеленский.

Сондай-ақ ол 20 тамызға қараған түні Польша аумағына дрон құлағанын еске салып, мұндай «дрондармен байланысты қолайсыз оқиғаларды» бұған дейін Литваның да бастан кешкенін атап өтті. Осыған байланысты ол Киев серіктестерінің «принципшіл» реакциясына үміт білдірді. «Бұл соғысты аяқтау қажет. Соғыс аяқталуы үшін Ресейге қысым жасау керек. Путин күш пен қысымнан басқа ештеңені түсінбейді. Әрине, біз мемлекетімізді, халқымызды қорғау үшін қажет нәрсенің бәрін жасап жатырмыз және жасай береміз. Америка Құрама Штаттарының президенті дұрыс айтады: мұны тек қорғаныста ғана емес, басқа салада да жасау керек» деді Украина президенті.

КАЯ КАЛЛАС: ПУТИН КЕЛІССӨЗГЕ ҚЫЗЫҚПАЙДЫ

Еуроодақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Кая Каллас ZDF Heute Journal подкастында Ресей президенті Владимир Путин «келіссөздерге қызықпайды, тек уақыт ұтқысы келіп отыр» деп пікірін айтты.

Оның сөзінше, АҚШ, Еуропа және Украина бейбітшілік қалайды. «Алайда біз Ресей жағы тек ойын ойнап, кедергілер жасап отырғанын көріп отырмыз» деді ол.

Back to top button