«Ресей АҚШ-тағы сайлауға араласқысы келді» – федералды тергеу бюросының бұрынғы басшысы не бүлдірді?
Федералдық тергеу бюросының (ФТБ) бұрынғы директоры Джеймс Коми атышулы қылмыстық іске байланысты айыпталып отыр. Оған Конгреске жалған куәлік беру және сот төрелігіне кедергі келтіру сияқты екі бап бойынша айып тағылды, деп хабарлайды Tizgin.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.
ТАРИХТАҒЫ ТҰҢҒЫШ АДАМ
Коми – тарихта алғаш рет осындай айып тағылған ФТБ-ның бұрынғы басшысы атанды. Оған тағылған айыптар оның 2020 жылы АҚШ Сенатының сот істері жөніндегі комитетінде сөйлеген мәлімдемесіне байланысты. Бұл мәлімдеме Ресейдің 2016 жылғы АҚШ президентін сайлау процесіне ықтимал араласуына қатысты іс аясында жасалған еді.
Жақында президент Дональд Трамптың ұсынысымен тағайындалған федералдық прокурор Линдси Халлиган егер Комидің кінәсі дәлелденсе, оған бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін екенін мәлімдеді. Ал Трамп бұл оқиғаға Truth Social әлеуметтік желісінде қатқыл пікір білдірді:
«Бұл елдің сорына біткен ең қауіпті адамдардың бірі – бұрын жемқорлыққа белшесінен батқан ФТБ басшысы Джеймс Коми. Ол ұзақ жылдар бойы елімізге орасан зор зиян келтірді, енді міне, әділ сот алдында жауап беретін уақыт жетті».
МӘН-ЖАЙЫ
Еске салсақ, 2017 жылы Трамп Комиді ФТБ басшысы қызметінен босатқан болатын. АҚШ-тағы саяси ортада Дональд Трамп пен Ресей арасындағы ықтимал байланыстар жайлы даулы пікірталас сол жылы BuzzFeed басылымы жариялаған атышулы «Стиил досьесінен» (немесе «Трамп досьесі») кейін өршіді. Құжатта Трамптың сайлауалды штабы Ресейдің жасырын қолдауына ие болғаны жөнінде болжам жасалған еді.
Берілген ақпаратта Ресей тарапы демократтар атынан президенттікке кандидат болған Хиллари Клинтонның беделін түсіру үшін Трамптың жақтастарына компроматтар бергені айтылған. Алайда 2019 жылдың 18 сәуірінде АҚШ Әділет министрлігі ресми есеп жариялап, Трамп пен Ресей арасындағы сөз байласудың нақты дәлелі табылмағанын мәлімдеді.
Тергеу барысында Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) бұрынғы директоры Джон Бреннан да күдікке ілініп, іс бойынша тексеруге алынған.
Бұған қоса, 2025 жылдың тамыз айында ФТБ Трамптың бұрынғы ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джон Болтонның үйіне тінту жүргізгені белгілі болды.