Ресейге Қазақстаннан гуманитарлық көмек жіберіле ме
Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев Қазақстан Ресейден бензин сатып алмайтынын, жақын күндері елде жанармай тапшылығы күтілмейтінін шегелеп айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
БРИФИҢДЕ НЕ АЙТЫЛДЫ
Үкіметте өткен брифиң барысында БАҚ өкілдері «Қазақстан Ресейге гуманитарлық көмек ретінде 50 мың тонна бензин жібереді» деген мәліметтің шын-өтірігін сұрады.Одан бөлек, ол жақтағы жанармай дағдарысының Қазақстанға ықпалы қандай болатыны да қызықтырды.
Тағы бір қайталап айтқым келеді: Ресейден Энергетика министрлігіне қандай да бір гуманитарлық көмек көрсету бойынша ресми өтініш түспеді. 50 мың тонна – Ресей үшін өте аз көлем екенін өздеріңіз де айтып өттіңіздер. Мұндай ақпарат блогерлер арасында тараған секілді. Қайдан шыққанын білмеймін, сол себепті бұл мәліметті растамаймын, – деді Тұтқышбаев.
“ТАПШЫЛЫҚ КҮТІЛМЕЙДІ”
Оның сөзінше, Қазақстан Ресейден бензин сатып алады деген сөз де шындыққа жанаспайды.
Рас, авиациялық керосин мен дизель отынын импорттап отырмыз, бірақ жанармай емес. Елдегі бензин өндірісі ішкі сұранысты толық қамтамасыз етіп отыр. Қазір қажетті жанармай қоры қалыптасқан, отын теңгерімі сақталды. Сондықтан да тапшылық күтімейді. Ал блогерлер мен жекелеген сарапшылар пікіріне түсініктеме бермеймін. Біздің ұстанымымыз – осы, – деді вице-министр.