Ресей Киев маңындағы оқ-дәрі қоймасына соққы жасады: 38 адам қаза тапты

Киев маңындағы оқ-дәрі қоймасына Ресей жасаған соққы мен одан кейінгі өрт және жарылыстар салдарынан 38 адам қаза тапты. Бұл туралы 30 тамызда Украина президенті Владимир Зеленский мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz порталына DW басылымына сілтеме жасап.
Қаза тапқандардың көбі – қарттар
Зеленскийдің мәліметінше, шабуыл салдарынан тағы 20 адам жараланған. Төрт адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Оларды іздеу және жарылыс зардаптарын жою жұмыстары жалғасып жатыр. Украинаның төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік қызметі қаза тапқандардың басым бөлігі қоймаға жақын орналасқан қарттар пансионатының тұрғындары екенін хабарлады.
Құтқарушылар өрт ошақтарының көбін сөндірген. Алайда аумақта жарылыс қаупі бар заттар әлі де көп. Оларды іздеп тауып, залалсыздандыратын мамандар оқиға орнында тәулік бойы жұмыс істеп жатыр.
Зеленский қауіпті заттар таралған аумақтың ауқымды екенін, сондықтан оны тазарту жұмыстары қанша уақыт қажет болса, сонша жалғасатынын айтты.
Оқ-дәрінің тұрғын үйлерге жақын сақталуы тексеріледі
29 тамызда Украина Бас прокурорының кеңсесі ықтимал қызметтік салғырттыққа байланысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Іс Украина Қылмыстық кодексінің 367-бабы бойынша тергеліп жатыр.
Тергеушілер Ресей шабуылының мән-жайымен қатар, оның зардабын ауырлатуы мүмкін себептерді де анықтамақ. Соның ішінде кәсіпорын аумағына жарылыс қаупі бар заттар мен материалдардың қандай негізде орналастырылғаны және оларды сақтаудың заңдылығы тексеріледі.
Зеленский оқ-дәріні тұрғын үйлерге жақын жерде сақтауға болмайтынын атап өтті.
«Белгіленген талаптар бар: оқ-дәрі тұрғын үйлер мен өзге де тұрғын ғимараттардың жанында болмауға тиіс. Міндетті түрде тиісті қорытынды жасалады», — деді Украина президенті.
Ал Ресей ұорғаныс министрлігі соққының Милая елді мекеніндегі оқ-дәрі қоймасына жасалғанын мәлімдеді. Ведомствоның айтуынша, онда алысқа ұшатын FP-1/FP-2 ұшқышсыз ұшу аппараттарының бөлшектері мен ұшыру үдеткіштері сақталған.