ЕрекшеОқиға

«Нұрай секілді қашан өлетінімді күтейін бе»: бойжеткен полиция жұмысына шағымданды

Әлеуметтік желіде Zhazowin атты есіммен қызыордалық бойжеткен полиция жұмысына шағымданды. Ол артынан бір жігіт қалмай жүргенін, сол үшін қатты қорқатынын жазған. Полицияға арыз түсіргенімен, одан пайда болмады дейді ол. Желідегі шағымнан кейін ақыры полиция іс қозғаған, деп хабарлайды Tizgin.kz.

БОЙЖЕТКЕН НЕ ДЕЙДІ

Бойжеткен тура Нұрайдың (Шымкентте жас жігіттің қолынан өлген) оқиғасы өз басынан өтіп жатқанын айтты. Қызылордада тұратын ол полиция мен прокуратураға арызды 2-3 рет жазған.

“Жүрген жерімде 102 шақырып қайтамын немесе жалғыз жүрмеймін. Тек бір ғана жауап – мен тірімін. Прокуратура полицияға ысыра салды, бұндай істі қарамайтының айтып, ал полицияға алдына барып бапты апарып, сол адамның барлық данный бердім, аңдып жүрген фото, видео дәлел бәрі бар, сонда да жылы НОМЕНКЛАТУРАЛЫҚ ІС деп жабылды. Сонда мен НҰРАЙ секілді Құдай сақтасын қашан өлетінімді күтейін бе”, – дейді ол.

Осы оқиға желіде қызу талқыланды. Көпшілік шулап кеткеннен кейін ғана Қызылорда облысының полиция департаменті сталкинг дерегі бойынша полиция қылмыстық іс қозғағанын хабарлаған.

“Қазір оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Қылмыстық істің тергелу барысы Қызылорда облысы Полиция департаменті басшылығының бақылауында. Сталкинг заңнамаға сәйкес адамның еркінен тыс байланыс орнатуға және (немесе) оны аңдуға бағытталған, зорлық-зомбылықпен ұштаспайтын, елеулі зиян келтіруге алып келген әрекеттерден көрінетін заңсыз қудалау болып табылады. Осындай деректер анықталған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына жүгінуге кеңес беріледі”, – делінген полиция хабарламасында.

Еске сала кетейік, Шымкентте бірнеше күн бұрын 21 жастағы бойжеткен кісі қолынан жан тапсырды. Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 21 жастағы жергілікті тұрғынды өлтірді деген күдікті ер адамды ұстаған. Алдын ала мәліметке сәйкес, күдікті марқұммен бұрын таныс болған. Қылмыстың себептері мен мән-жайы тергеу барысында анықталады. Аталған жайт бойынша қылмыстық іс қозғалып, кешенді жедел-тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.

Back to top button