Қызылорда облысы Қазалы аудандық сотының төрағасы Дәурен Әбдіқалықовты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өңірлік департаменті қызметкерлері ұстады, деп хабарлайды Tizgin.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
ДЕРЕККӨЗ НЕ ДЕЙДІ
Дәурен Әбдіқалықовтың қолға түсіп, оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғаны жөнінде тергеу барысынан хабардар дереккөздер мәлімдеген.
Бұған дейін судьяның ұсталғаны туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тараған болатын. Дереккөздердің айтуынша, Қазалы аудандық сотының төрағасы сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген. Оның әрекеттеріне түпкілікті құқықтық баға барлық тергеу рәсімі аяқталған соң беріледі.
СУДЬЯ ПАРА АЛДЫ МА
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, тергеу алаяқтық қылмысы үшін сотталып, шартты жаза алған адам арызынан кейін басталған. Құзырлы органдар оның туыстары үкімді жеңілдету үшін судьяға 6 миллион теңге беруі мүмкін деген нұсқаны тексеріп жатыр.
Сонымен қатар жазаны мерзімінен бұрын өтеуден босату мәселесіне жәрдемдесу үшін қосымша 300 мың теңге берілуі ықтимал деген ақпарат та зерделенуде.
Қазалы аудандық соты төрағасына қатысты сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Тергеу және процессуалдық әрекеттер қорытындысында нақты шешім қабылданады. Қазір іс бойынша ресми мәліметтер жария етілген жоқ.