«Қыздың ағаларымыз»: Алматыда кездесуге келген жігіттерді тонаған топтар ұсталды
Алматыда интернет арқылы танысып, кездесуге келген адамдарды тонаған төрт қылмыстық топ анықталған. Жыл басынан бері олардың мүшелері ұсталып, сотталған. Бұл туралы қалалық полицияның мәліметіне сүйеніп, Tizgin.kz хабарлайды.
Кездесуге шақырып, ақша бопсалаған
Полиция сипаттаған қылмыс тәсілі интернеттегі таныстықтан басталады. Қыз жігітпен кездесуге келісіп, екеуі пәтерге барады. Көп ұзамай ол жерге бейтаныс адамдар келіп, өздерін қыздың ағалары деп таныстырады.
Артынша олар кездесуге келген жігітті қорқытып, ақша бопсалап, тонайды. Осылайша романтикалық кездесу алдын ала ойластырылған қылмыстың тұзағына айналады.
Алматыда осы тәсілмен адамдарды тонаған бірнеше топ әшкереленген. Полицияның мәліметінше, жыл басынан бері төрт топтың мүшелері ұсталып, сотталғанымен, кейін де осыған ұқсас жаңа деректер тіркелген.
Полиция күмәнді кездесулерден сақ болуға шақырды
Қалалық полиция интернеттегі қарапайым хат алмасудың артында алдын ала жоспарланған қылмыс болуы мүмкін екенін ескертті.
Ведомство тұрғындарды бейтаныс жердегі күмәнді кездесулерге келіспеуге және сақтықты ұмытпауға шақырды. Қауіп төнген жағдайда дереу полицияға хабарласу қажет.