Қытай жұмысшылары Қазақстанға жаппай ағылып келмейді – вице-министр

Қытайлық компаниялар Қазақстанда инвестициялық келісімшарттар аясында жұмыс істейді, онда жергілікті және шетелдік жұмысшылардың үлесі алдын ала белгіленеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев осылай деп мәлімдеді.
ОКҚ алаңына келген оның айтуынша, шетелдік жұмыс күшінің басым бөлігі – Өзбекстан азаматтары, ал қытайлықтар екінші немесе үшінші орында. Мұндай жобаларда қызметкерлердің кемінде 70 пайызы – қазақстандықтар.
Ал Еңбек министрлігінің 29 қазандағы мәліметіне сәйкес, еңбек мигранттары келіп жатқан елдер арасында Қытай көш бастап тұр — 5330 адам. Өзбекстаннан келгендер саны — 2682.
Ертаевтың айтуынша, еңбек миграциясы үнемі бақылауда. «Қытай жұмысшылары жаппай ағылуы қаупі жоқ» дейді ол.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 14 666 шетел азаматы еңбек ететінін бұған дейін хабарлаған еді.
Шетел жұмыс күшін (ШЖК) тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 561 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 2 280 рұқсат (екінші санат).
Тартылған жұмыс күшінің негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше олар 3 884 және 988 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 3 036 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 3 918 адам тартылды.
Қазіргі уақытта Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 896 жұмыс беруші бар. Оларда 339,1 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96%-ы.
ШЕТЕЛДІКТЕР ҚАЙ САЛАДА ЕҢБЕК ЕТЕДІ
Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер: құрылыс саласында – 4 799 адам, ауыл, орман және балық шаруашылығы – 3 065 адам, тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 187 адам, өңдеу өнеркәсібі – 1 085 адам.
«Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 5 330 адам, Өзбекстан – 2 682 адам, Түркия – 1 046 адам, Үндістан – 1 012 адам», — делінген хабарламада.
КВОТА ЖАЙЛЫ
Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейтінін және бөлетінін еске салады. 2025 жылы жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,2% мөлшерінде немесе 14,8 мың бірлік болып белгіленген, ал осы жылдың наурыз айынан бастап жергілікті атқарушы органдардың өтінімдеріне байланысты министрдің бұйрығымен 16,5 мың бірлікке дейін ұлғайтылған.