Ерекше

Қытай Ресей үшін тауар бағасын күрт қымбаттатты

Батыстың санкциялық қысымы мен Мәскеудің импортқа тәуелділігі арта түскенде Қытай Ресейге жіберілетін қосарлы мақсаттағы өнімдер құнын едәуір өсірген, деп хабарлайды Tizgin.kz Inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

САРАПШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ

Ресми ақпаратпен мұның алдында FT бөлісті. Bofit зерттеуіне сәйкес, Бейжің сауда серіктесінің осал жағдайын пайдаланып, соңғы жылдары бағаның күрт қымбаттауына себеп болған.

Сарапшылар мәліметінше, 2021-2024 жылдар аралығында Қытайдан Ресей нарығына бағытталған стратегиялық маңызды өнімдер бағасы орта есеппен 87 пайызға артқан. Салыстырғымыз келсе, басқа мемлекеттерге жіберілетін дәл осындай тауарлар небәрі 9 пайызға ғана қымбаттағанын айта кетуге болады. Бұл айырмашылық Батыс шектеулері енгізілгеннен кейін екі ел арасындағы экономикалық қатынастардың қалай өзгергенін айқын көрсетеді.

РЕСЕЙДІҢ АЗИЯҒА ТӘУЕЛДІЛІГІ АРТЫП КЕЛЕДІ

Соңғы жылдары Қытай Ресей үшін бірқатар аса маңызды тауардың іс жүзіндегі монополиялық жеткізушісіне айналды. Бұл жағдай, сөзсіз, Бейжіңнің келіссөз жүргізудегі позициясын күшейтті. Санкциялар Мәскеуді азиялық нарықтарға бет бұруға мәжбүр етсе, Қытай осы мүмкіндікті пайдаланып, экспорттық саясатын өз мүддесіне қарай түзете алды. Зерттеу авторлары бағалардың өсуін тек нарықтағы ахуалмен емес, Қытайдың Ресеймен саудадағы стратегиялық тәсілімен де байланыстырады.

Осындай жайт Түркия бағытында байқалады. Бұл ел үшін де Қытай тауарларының бағасы басқа мемлекеттерге қарағанда едәуір жоғары қарқынмен қымбаттаған. Сарапшылар мұны соңғы жылдардағы сыртқы саяси және экономикалық өзгерістерге тікелей қатысты таңдамалы баға белгілеу саясатының белгісі деп санайды.

Bofit зерттеуі көрсеткендей, Ресейдің азиялық жеткізушілерге тәуелділігі барған сайын артып келеді. Экономистер пікірінше, бұл үрдіс Ресейдің сыртқы сауда құрылымына әсер етіп, техникалық тұрғыдан күрделі импорт сегментінде Қытайдың ықпалын бұрынғыдан да күшейтуі мүмкін.

Back to top button