ЕрекшеЖаңалықтарЭкономика

Қытай Қазақстанға тағы 15 млрд доллар инвестиция салады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың жазуынша, инвестиция жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Руслан Желдібай Мета әлеуметтік желідегі парақшасында Президенттің және Қытайдың Мемлекеттік кеңесінің бірінші вице-премьері, ҚКП ОК Саяси бюросы Тұрақты комитетінің мүшесі Дин Сюэсяннің қатысуымен Қазақ-қытай іскерлік кеңесінің 8-ші отырысы басталғанын жазды.

Іс-шараға Қазақстан мен Қытайдың мемлекеттік органдары мен бизнес құрылымдарының 500-ден аса өкілі, соның ішінде 70-тен аса Қытайдың ірі корпорацияларының жетекшілері қатысып отыр.

“Кездесулер қорытындысы бойынша ел экономикасына жалпы сомасы 15 миллиард доллардан асатын инвестиция тартылады. Қазақстан мен Қытайдың 100-ден аса компаниясы арасында жасалатын келісімшарттар энергетика, цифрландыру, құрылыс, металлургия, телекоммуникация, көлік және логистика сияқты негізгі секторларды қамтиды. Инвестиция елімізге салынатын қаржы көлемін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді”, – дейді ол.

ТОҚАЕВТЫҢ ҚЫТАЙҒА САПАРЫ

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 30 тамызда Қытай Халық Республикасына ресми сапармен барды. Мемлекет басшысы Қытай Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен жүзеге асқан бұл сапар аясында бірқатар маңызды халықаралық және екіжақты іс-шараларға қатысты.

Сапардың алғашқы күндері Тян Жин қаласында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне және «ШЫҰ плюс» форматындағы кеңейтілген жиынға арналды. Бұл басқосуларда өңірлік қауіпсіздік, экономикалық ықпалдастық, сондай-ақ мәдени және гуманитарлық бағыттағы серіктестікті нығайту мәселелері қаралды. Қазақстан Президентінің қатысуы еліміздің аймақтық бастамаларға белсенді араласып отырғанын көрсетті.

2 қыркүйекте Тоқаев Бейжің қаласында Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінде сөз сөйлеген.

Сапардың соңғы күні, 3 қыркүйекте, Президент Қытай астанасында өткен Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты шараға мәртебелі мейман ретінде қатысады.

Back to top button