TOP-1Жаңалықтар

Қытаймен шекарадағы бейтарап аймақта халық енді малын баға алмай ма

Шекаралас аудандардың халқы "жайылымымыз тарылатын болды" деп алаңдап отыр

Қытай мемлекетімен шекаралас ауыл-аудандардың халқы екі елдің арасындағы бейтарап аймақта «енді малды баға алмаймыз ба?» деп алаңдап отыр. Мұның себебі неде екенін Tizgin.kz порталы Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігінен сұрады.

Әңгіме неден шықты

Шекарадағы аудандардың халқы қазір алаңдап отыр. Бұрын олар малын Қытаймен шекарадағы бейтарап аймаққа емін-еркін бағып келген. Бейтарап аймақтағы жайлауына, қыстауына барғанда еш мәселе туындамаған. Бірақ биылдан бастап оларға «енді ол аумаққа кірмейсіңдер» деген пәрмен беріліп отыр. Tizgin.kz редакциясына осыған байланысты шекаралас аудандардың халқы хабарласып, мәселенің мәнісін сұраған еді.

«Марқакөл, Зайсан ауданынан бастап Нарынқолға дейін мыңдаған шақырымда Қытаймен шектесіп жатырмыз ғой. Бұл мәселе неден туындап отыр? Сіздің хабарыңыз бар ма?» – деп сұрады Tizgin.kz редакциясы ауыл шаруашылығы вице-министрінен.

Министрліктің ұстанымы

Бұл сұраққа жауап берген Азат Сұлтанов шекаралас аудандардағы халық малын бұрынғыдай бейтарап аумақтарға жая бере алатынын айтады. Сөзінше, Шекара қызметі қызметкерлерімен, үкімет пен парламент мүшелерімен мәселе бірнеше рет талқыланған.

«Қазір ешқандай шектеу жоқ. Бірақ бір шектеу бар. Шекара туралы заңға сәйкес, сол жерлерде құрылыс жұмыстарын жүргізуге болмайды. Бұрын берген жерлерді пайдаланушылардан алынып, мемлекеттің қорына кетеді. Осы шектеу заңда да қарастырылған. Мерзімге қазірге келді. Диқаншылар, жерді пайдаланушылар қазір ешқандай субсидия алмайды, себебі олардың атында жер шықпайды. Мәселені бірнеше рет қарастырдық. ҰҚК Шекара қызметінің ұстанымы – ол жерге ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізуге болмайды. Шөпті жұлуға, мал жаюға рұқсат берілген. Бірақ ол жерлер біреудің қолында болмайды», – деді ол.

Азат Сұлтановтың сөзінше, бұл – Қазақстан тарапының шектеуі. Айтуынша, Қазақстан мен Қытай арасындағы бейтарап аумақ 2 шақырымдық жерді құраса, Өзбекстанмен мұндай аумақтар 100 метр дейін қысқарған.

Back to top button