ЕрекшеЭкономика

Қытайдың жеке бизнесі емес, мемлекетінің инвестициясы алаңдайтын мәселе – Қожаназаров

Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров қазір қоғамда жиі талқыланатын қытай инвестициясы жөнінде Tizgin.kz порталының сұрағына жауап берді.

Tizgin.kz порталы депутат Айдарбек Қожаназаровқа Қазақстанға құйылған қытай инвестициясы және соның төңірегінде айтылатын әртүрлі әңгімелер турасында сұрап көрді.

«Қазір Астанада өңір әкімдері кезек-кезегімен брифиң өткізіп жатыр. Бәрі инвестиция бағытын айтады. Талдап қарасақ, сол инвестицияның басым бөлігі Қытайдан келеді. Әкімдердің, жалпы мемлекеттің ұстанымы белгілі – көбірек инвестиция тартқысы келеді. Бірақ қарапайым халықтың ішінде алаңдаушылық бар – күні ертең елде Қытай азаматтары көбейіп кетпей ме деп алаңдайды. Жер мәселесін көтеретіндер бар. Қалай ойлайсыз? Халыққа расында да, алаңдайтындай негіз бар ма?» – деп сұралды Айдарбек Қожаназаровтан.

ДЕПУТАТ НЕ ДЕЙДІ

Бұл сұраққа жауап берген Айдарбек Қожаназаров қытай инвестициясын екіге бөлу керек деп есептейді. Бірі – Қытайдың мемлекеттік инвестициясы, екіншісі – жекеменшік, яғни бизнес өкілдерінің инвестициясы.

«Егер Қытай мемлекетінің инвестициясы десек, ол шынымен де алаңдайтын мәселе, себебі үлкен мемлекеттің үлкен қаржысы екі мемлекеттің арасында бір сұрақтарға әкелуі мүмкін. Ал егер ол Қытайдың жеке азаматының ақшасы болса, сол ақшасын құйса, менің ойымша, ол – үлкен бір мәселеге әкелетін дүние емес. Бірақ салалар бірдей емес. Мысалы, мәселен сауда десек, Алматыдағы барахолкада қытайлар толып жатыр, 20-30 жылдан бері жүр. Ауыл шаруашылығына келсек, жер мәселесіне келген кезде қытайлардың инвестициясы алаңдатады. Бірақ бізде бұл мәселе заңмен бекітілген. Жерді сатуға, шетелдіктерге жалға беруге тыйым салынған. Сол себепті мәселе туындамайды деп ойлаймын», – дейді Айдарбек Қожаназаров.

Депутаттың сөзінше, LRT секілді жобаларға қытай инвесторлары келгеніне еш әбестік көрмейді. Теміржолды салған соң кері қайтады деп санайды.

Tizgin.kz порталы Қазақстан Қытайдан да, АҚШ пен Ресейден де инвестиция тартатынынын айта келе жан-жақтан тең тартуда үйлесімді сақтап отыр ма деп сұраған.

«Менің ойымша, дұрыс сақтап отыр деп айтуға болады. Бізде АҚШ-тан, Қытай мен Ресейден де инвестиция өте көп. …Сақтауға тырысып жатыр. Бізге инвестиция құям деген мемлекеттер өте көп, сондықтан олар сақтауға тырысады. Қытайлардың инвестициясы «құлағымызды тіледі» шыны керек, есімізде қалады. Егер БАҚ-ты оқысаңыз, Еуропадан да, Франциядан, Венгрия, Түркиядан инвестиция көп. Меніңше, Түркияның инвестициясы қытайларға қарағанда едәуір көп. Бірақ біз оған қатты мән бермейміз, себебі түрік бауырлардан олардан қатты қауіп көрмейміз», – дейді ол.

Қожаназаров жан-жақтан инвестиция тартуда «баланс бар ма?» деген сұраққа «бар» деп жауап берді.

Back to top button