Жаңалықтар

Қымбатшылық тек Қазақстанға ғана тән емес – депутат

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров кулуарда әлеуметтік көмекті бөлу жүйесін қайта қарау қажет екенін айтты. Осы ретте Тizgin.kz тілшісі әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға бюджеттен қыруар қаржы бөлінгенімен, оның тиімділігіне күмән барын көтеріп, реформа қажет пе деген сауал қойды.

Саировтың айтуынша, мемлекеттің негізгі қағидаты – халықтың мүддесін қорғау. Сондықтан депутаттар, әсіресе «Аманат» партиясы фракциясы бұл мәселені тұрақты түрде көтеріп келеді.

«Әлеуметтік көмекті тек көмекке зәру адамдар алу керек. Мәселе осында. Егер біз осы принципті қалыпқа келтірсек, елімізде әлеуметтік әділеттілік орнығады. Бірақ соңғы кезде өкінішке қарай, мұқтаж адамдармен бірге басқа да азаматтар тізімге кіріп кеткен. Біз осыны тоқтатуымыз керек», – деді депутат.

Сонымен қатар тілші Үкіметтің қымбатшылықты еңсере алмай отырғанын да атап өтті.

Депутат бұл мәселеге жаһандық тұрғыдан қарау қажет екенін айтты.

«Қымбатшылық тек Қазақстанға ғана тән емес, бұл – бүкіл әлемге ортақ құбылыс. Қазір инфляция барлық елде өсіп жатыр. Бірақ біз осы инфляция халықтың табысын “жеп қоймауы” үшін нақты шараларға басымдық беруіміз керек», – деді Ерлан Саиров.

Back to top button