Қымбат дәрілер арзандай бастайды – министр себебін түсіндірді
Министрлік қымбат онкологиялық препараттарды қоса алғанда, барлығы 66 дәрі атауы бойынша бағаларды төмендеді. Үнемделген қаржы 36 млрд теңгеден асты, деп хабарлайды, Tizgin.kz BES.media-ға сілтеме жасап.
МИНИСТР НЕ ДЕЙДІ
Қазақстанда дәрі бағасын қалыптастырудың жаңа тәсілі енгізілді. Ол маркетингтік және тасымалдау үстемелерін алып тастауды көздейді. Осының арқасында 2026 жылға арналған сатып алулар барысында бірқатар дәрі-дәрмектің құны 50%-дан 300%-ға дейін төмендегенін Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, 2026 жылға жоспарланған сатып алуларда (2025 жылмен салыстырғанда) көптеген препарат бағасы 50%-дан 300%-ға дейін арзандаған. Үнемделген қаражат көлемі 36 млрд теңгеден асқан.
Мысал ретінде келесі препараттар едәуір арзандады:
- Иматиниб – 9 450 теңгеден 2 348 теңгеге дейін;
- Бевацизумаб – 360 000 теңгеден 77 000 теңгеге дейін.
Жалпы алғанда, дәрі-дәрмек сатып алу шеңберінде 66 атауға баға төмендетілген. Ірі отандық фармөндірушілер жаңа талаптарды қолдап отыр.
АҚША ҮНЕМДЕУГЕ МҮМКІНДІК ТУДЫ
Жаңа сатып алу науқаны аясында қымбат делдалдарды айналып өтетін тікелей келісімшарттар айтарлықтай көбейгені атап өтілді. Тік келісімдер бойынша дәрі-дәрмек атауларының саны 159-дан 432-ге дейін өсіп, бұл бюджетке миллиардтаған теңге үнемдеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар ПРООН, ЮНИСЕФ секілді халықаралық ұйымдар арқылы жасалатын сатып алулар көлемі де өсті. 2026 жылы олар арқылы 43 препарат алынады, бұл 2025 жылғы көлемнен шамамен екі есе көп.
Қазірдің өзінде 23 атау бойынша келісім шарт жасалған. 12 препараттың бағасын төмендету арқылы 11,95 млрд теңге үнемделген. Ең үлкен үнемділік құны жоғары препараттар бойынша ПРООН желісі арқылы байқалған.
«Халықаралық ұйымдармен серіктестік арқасында Қазақстан қымбат делдалдарды айналып өтіп, дәрілер бағасының едәуір төмендеуіне қол жеткізді», – деді Ақмарал Әлназарова.
Үнемделген қаржы қымбат ем қажет ететін пациенттерді қамтамасыз етуге бағытталмақ.
«Сонымен қатар біз үнемделген қаражатты ТМККК және МӘМС аясындағы дәрілер тізімін кеңейтуге қайта инвестициялауды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде онкология, кардиология, сирек ауруларға арналған препараттар мен жоғары технологиялық емге қажетті шығын материалдары бар», – деп хабарлады министрлік.
МӘН-ЖАЙЫ
Фармацевтика саласының сарапшылары 2026 жылдан бастап дәрі-дәрмек пен медицина бұйымдарына ҚҚС енгізілуіне байланысты тапшылық тәуекелдері мен отандық өндіріс көлемінің төмендеуі мүмкін екенін ескертті. Бизнес өкілдері дәрінің көтерме және бөлшек бағаларын шұғыл түрде дерегулияциялауды талап етіп отыр.
“Атамекен” ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов денсаулық сақтау саласы үшін салықтық жеңілдіктерді сақтап қалу туралы ұсыныстар бірнеше рет берілгенін, алайда қолдау таппағанын айтты.
“ФармМедИндустрия Қазақстан” қауымдастығының атқарушы директоры Гүлдария Манакпаева отандық өндірушілер ең әлсіз позицияда қалып отырғанын жеткізді. Себебі:дәрілік субстанциялар мен компоненттерді импорттау кезінде өндірушілер 16% ҚҚС төлейді, ал дайын өнім ТМККК немесе МӘМС аясында жеткізілсе, ставка 5–10% болады немесе мүлде салық салынбайды.
Фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығының президенті Марина Дурманова сала біршама қиын жағдайда тұрғанын айтып, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап коммерциялық сегменттегі баға реттеуінен бас тартуды талап етті.