Қылмыс құрамы жоқ – 12 адамның өмірін жалмаған өрт оқиғасы Үкіметте айтылды

Үкіметтің бүгінгі отырысы Түркістан облысы Жетісай ауданының Алғабас ауылындағы қайғылы оқиғасын талқылаудан басталды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Әуелі сөз алған Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев кеше сағат 05.36-да Түркістан облысы Жетісай ауданының Алғабас ауылында жеке тұрғын үйде өрт шыққанын хабарлады. Екі қабатты үй толығымен өртке оранып, шатырдың жартысы құлаған.
Төтенше жағдайлар министрлігінің күштері мен құралдары дереу жіберіліп, (20 қызметкер және 5 бірлік техника), өрт сағат 07.22-де жойылған.
“Өкінішке қарай, өрт орнында 12 адам қаза тапты, олардың 9-ы балалар. 3 адам зардап шекті, олар қазір Жетісай аудандық орталық ауруханасының реанимациясында. Оқиға орнында тергеу шаралары жүргізіліп, өрттің себебі анықталып жатыр. Алдын ала ақпарат бойынша, қылмыстық құрам жоқ. «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды (Қылмыстық кодекстің 292-бабы 3-бөлігі)”, – дейді Бозымбаев.
Қанат Бозымбаев Үкіметтік комиссияның отырысын өткізген, жерлеу рәсімін ұйымдастыру және қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсету, өрттің туындау себептерін анықтау, сондай-ақ осындай жағдайлардың алдын алу шараларын жүргізу бойынша бірқатар тапсырмалар берілген.
БЕКТЕНОВ НЕ ДЕЙДІ
Олжас Бектенов Үкіметтің атынан қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтты. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өрттің себептерін анықтау үшін Үкіметтік комиссия құрылып, жұмыс істеп жатқанын жеткізді.
“Зардап шеккендерге және қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті көмек, оның ішінде материалдық және медициналық көмек көрсетіледі. Жалпы, жылу беру маусымының басталуымен тұрғын үй секторында өрт оқиғаларының саны өсіп барады. Біз бұл мәселені қазан айында Үкімет отырысында қарадық. Алайда, жағдайдың жақсарғанын әзірге көріп отырған жоқпыз. Сондықтан алдын алу және түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Төтенше жағдайлар министрлігіне өрттерді болдырмау, адамдардың өмірін сақтау мәселелері бойынша орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың жұмысын тиісті деңгейде үйлестіруді қамтамасыз етуді тапсырамын. Өңір әкімдіктерімен және Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, тұрғын үй секторын, әсіресе жатақханалар мен хостелдерді, халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлерін аралап, рейдтер жүргізу қажет”, – дейді Бектенов.
Мәдениет министрлігі мен әкімдіктер барлық масс-медиа мен әлеуметтік желілерде түсіндіру жұмыстарын жандандыруға. өңір әкімдіктері газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалануға бағытталған алдын алу шараларын жүргізу бойынша газ-техникалық инспекцияның жұмысын күшейтуге міндеттелді. Орын алған жағдайдан дұрыс қорытынды шығарып, алдағы уақытта ондай оқиғаларға жол бермеу үшін нақты ұсыныстар әзірлеу керектігі айтылды.