TOP-2Қоғам

«Құшақташы, мама»: Жоғалту арқылы жан жарасын емдеу жайлы фильм. Психоаналитик талдауы

Биыл көрерменге жол тартқан ана тақырыбына қатысты фильмдердің бірі — “Құшақташы, мама” фильмі. “Әмеңгер” және “Қолыңнан келсе — алып қаш” фильмдерінің авторларынан шыққан, сценариі әнші, актёр Мақсат Рахметке арнайы жазылған драманы психоаналитик, Орталық Азия психоанализ институтының директоры Анна Құдиярова психоанализ тұрғысынан талдады.

Сырты — бүтін, іші — түтін…

Сырт көзге қарағанда фильмнің басты кейіпкері Жалғаста отбасы, карьера, жетістік бар болғанмен, жан тыныштығы жоқ. Ол өткен шағындағы өкпе-ренішті, орындалмаған арманды, кешіре алмаған оқиғаларды арқалап жүр. Ол өзіне махаббат бере алмаған, эмоциялық тұрғыда суық болған анасын кінәлап, жан дүниесі жылдар бойы алай-дүлей күйде жүр.

Фильм ене мен келін арасында дау-дамай туып, Жалғас анасын ауылға апарып тастайтын болып шешім қабылдағанынан басталады. Басты кейіпкер жол бойы балалық шағына саяхат жасап, анасымен әңгімелеседі. Фильм басталғаннан аяқталғанға дейін болып жатқан оқиғалар көрермен назарын өзінде ұстап отырды.

Жол — психодинамикалық сахна

Анасы мен баласының жолға шығуы бір жерден екінші жерге жету ғана емес, жан дүниеге терең үңілу. Жалғас жолда аяулы жар, үлгілі бала бетпердесін шешіп, жан жарасымен бетпе-бет жүздеседі. Ол анасын әрі жақсы көріп, әрі жек көретінін, әрі сағынып, әрі ашуланатынын түсінеді.

Жалғас анасының рухымен тілдесуі — клиенттің психоаналитик кабинетіндегі сұхбаттың шарықтау шегіне ұқсайды. Бұл жағдайда клиент психоз күйде, қайғырудың алғашқы сатыларының бірі — болған оқиғаны жоққа шығару, сенбеу сатысында. Яғни кейіпкер анасының өмірден озғанын өз құлағымен естісе де, санасы сенбей, іштей анасымен әңгімелесуде.

Жалғастың өмірінде 2 үлкен жоғалту болған. Бірінші, 4-5 жасында әкесінен айырылды. Психоанализде бұл “Эдип кешені” кезеңі деп аталады. Бұл ер бала — еркекке, қыз — әйелге айналуға дайындық кезеңі. Әке — асқар тау болса, ең маңызды кезеңде Жалғастың тауы шағылды. Ол әкесінен айырылғанда қауіпсіздікті жоғалтып алды. Әке — баланың шекарасын белгілеп, өзін қалай ұстау керектігін үйрететін тұлға болса, Жалғас өмірдің заңдылықтарын түсіндіретін жаннан тым ерте айырылып қалды.

Жалғастың анасы — күйзеліс күйінде. Депрессиядағы адам үшін баласын жан жылуын беру, құшақтау, жылы сөздер айту қиын, сол себепті анасы мен ұлының арасы алшақтай бастайды. Басты кейіпкердің санасында анасы жаман адам болып сақталғанмен, біз психоаналитик ретінде оның анасы жан жарынан айырылған, депрессиядағы жан екенін түсінеміз. Демек Жалғас әкесінен ғана емес, мейірімді, жылулық бере алатын анасынан да айырылып тұр. Әкесі жоқ бала анасына өте бауыр басып қалады. Анасының жалғыз ұлы болғандықтан нарцисс болып өседі, себебі бір жағынан анасының жалғыз ұлы екенін біледі, екінші жағынан анасы өзін жақсы көрмейтінін біледі, өзін махаббатқа лайықсызбын деп санайды. Сабағын жақсы оқып, оқуға түсіп, кәсібін дөңгелетсе де анасына жақпағандай күйде өмір сүреді.

Әкесіз өсу және еркектік болмысы

“Эдип кешені” кезеңінде, яғни 3-6 жас аралағында баланың әкесі болмаса немесе әкесінің қандай керемет адам болғанын айтып отыратын адам болмаса — бала өзіне сенімсіз болып өседі. Өзіне сенімсіз, кеудесі қуыс адам соны жасыру үшін жетістіктің соңынан қуады. Жалғас жылдар өте келе өзі анасына қатты ұқсап кеткенін, суық жар, суық әкеге қалай айналып кеткенін байқамай қалады. Ол анасы арқылы барлық әйелді жазғырады: анасын өзіне жылулық бере алмағаны үшін, әйелін анасын үйден “қуып шыққаны” үшін, қарындасын шықпау керек адамға тұрмысқа шыққаны үшін жазғырады. Оның ішінде ашу-ыза, агрессия көп.

Айғайлау терапиясы

Жалғас көліктен шығып, жүгіріп, айғайлаған сәт — айғайлау терапиясы. Бұл — жындану көрінісі емес, бұл терапия көрінісі. Психологы жоқ адам анда-санда айдалаға барып, осылай айғайлап тұруына болады. Басты кейіпкер — Жалғас жылдар бойы жиналған жан жарасын дыбысқа, әрекетке айналдырып, сыртқа шығарды. Жалғастың рөлін сомдаған Мақсат Рахметтің көзіндегі қайғы-мұңды, өкінішті, ауыр күйді барлық көрермен сезіне алды деп ойлаймын. Ол 30 жылдан астам уақыт бойы ығыстырып келе жатқан сезімдерін сыртқа шығарды. Оның көліктен шығып жүгіруі, айғайлауы, жылауы — символикалық тұрғыда анасының жатырынан шығуы, анасынан сепарацияланауы. Симбиоз күйден, яғни анасына кіндігі байланған күйден арылу. Осы сәттен бастап ол психоз күйден аза тұту күйіне ауысады. Оның айғайлауы жай айғай ғана дыбыс емес, жан айғайы. Ол айғайлау арқылы жылдар бойы айтпай, іште бүгіп жүрген сезімдерін: ашу-ызасын, өкпесін, сағынышын сыртқа шығарды. Оның айғайы анасына ғана қатысты емес, ол өзінен ересек болуды, еркек болуды талап етіп тұрған әлемге айғайлады. Сәби өмірге қалай жылап, айғайлап келеді, Жалғас дәл солай символикалық тұрғыда анасынан туылып, бөлінгендегі күйді кешіп тұр. Айғайдан кейін өлі тыныштық орнады. Ол анасы өмірден озғанын саналы түрде түсінбесе де, бейсаналы түрде түсініп, анасын жүрегінен босата бастады.

Жан жары мен қарындасы — “сатқындық” объектісі

Жалғас қарындасын әкесінің өліміне себепші болған адамның ұлына тұрмысқа шыққаны үшін кінәлап, өзін құрбан күйде сезінеді. Кінәласа да тіс емханасын ашуға жинап жүрген қаражатын тойға жұмсайды. Осы сәтте оның тіс емханасын ашу туралы арманы да іске аспай қалады — арманы қиылады. Анасымен де, қарындасымен де жақын араласуды тоқтатады. Ол осы әрекеті арқылы оларды жазалады, бір жағынан оларды ұру, өлтіру сияқты одан да қауіпті жазадан құтқарды. Олармен жақын араласса агрессиясын ұстай алмай, күйеубаласына зияны тиіп кетуі мүмкін еді.

Сондай-ақ, ол әйелін анасымен тіл табыса алмады деп кінәлайды. Шын мәнінде әйелі емес, Жалғастың өзі оны ауылға жібермейді, Жалғастың өзі балаларының әжесімен араласуын қаламайды. Бұл — проекция деп аталады, яғни адам өзінің ойын басқа адамға таңады. Өзі анасына барғысы келмейді, бірақ өзі емес, әйелі барғысы келмейді деп ойлайды. Бұл — бейсаналы процесс.

Тіс емханасы — агрессия әрі емдеу

Психоанализдің негізін қалаушы Зигмунд Фройд тіс 0-1,5, 3-5 жас аралығындағы агрессия: жұлу, емдеу, ауырғанды бақылауда ұстау екенін жазған. Жалғас таңдаған мамандық — балалық шақта көрген “қорлықтың” (еден жуу, базарда шемішке сату, мектептегі буллинг) 30 жыл бойы басып ұстаған агрессияның өтеуі. Тісін емдетуге келетін әр клиент ол үшін “жау”: әкесін өлтірген адамның ұлы, мектепте буллинг көрсеткен балалар. Тісті емдеу ауыртады, ол сол ауырту арқылы бала кездегі “жауларынан” бейсаналы түрде кек алады.

Екінші жағынан тісті емдеу — емшілік. Ол тісті емдеу арқылы қандай қиын жолмен болсын балаларын асыраған анасының кейпінде болады. Ол тіс дәрігері болу арқылы жағдайды ашса алақанда, жұмса жұдырықта ұстай алатын күй кешеді. Тіс емханасы болуы — арманына оралу, өзін қайта табудың символы.

Психотикалық бұзылыс: өлімді жоққа шығару

Фильм соңында Жалғастың анасы көз жұмғанын, ол жол бойы сандырақтап, елеспен тілдескенін түсінесіз. Психотикалық бұзылыс деген — жақын адамыңды жоғалтқан кезде өлімді жоққа шығару, көзге елес көріну, сандырақтау. Жалғаста көруге және естуге қатысты галлюцинация болды. Зигмунд Фройдтың “Аза тұту және меланхолия” еңбегінде бұл күй “психотикалық сипатты қайғы” деп жазылған. Баласы анасын жүректен босата алмай тұр, ол 30 жыл бойы тірілткісі келген объекттен ажырағысы келмейді. Ол анасының бақилық болғанын естіген сәттен бастап 35-36 жастағы адам емес, 4-5 жастағы күйге түсіп кетті.

Ол көлікте анасын балалық шағында өзін құшақтамағаны үшін кінәлайды. Қаладан ауылға жеткенге дейін “Жақсы” ана образы құлап, “жаман” ана образын қабылдайды. Кез келген психологиялық тұрғыда дұрыс жетілген бала анасы мінсіз емес екенін түсінуі керек. Жалғас анасының жаман бөлігін қабылдағаннан кейін анасын ақтап алады. Анасы басынан қандай қиындық өткенін айтуы — Жалғастың миында болып жатқан процесс. Ол анасының қандай кезеңде өмір сүргенін, тіршілік үшін қалай күрескенін, махаббатын көрсетуге уақыты болмағанын, әлемдегі бар нәрсені емес, қолындағы барын бергенін түсінеді. Анасы да әдемі көйлек кигісі келгенін, ол да сүйіктісінен айырылған бақытсыз әйел болғанын ұғынады. Ең соңында жақсы дегені де, жаман дегені де бір адам, бір ана екенін, өмірде мінсіз ана болмайтынын, ана да адам екенін, ол да күйзеліске түсетінін, ол да шаршайтынын, құшақтауға шамасы келмей қалатынын түсінеді.

Кабинетте клиент ішіндегі “қара бояуды” төккен соң, өмірдің сәулелі жағын көре бастайды. Сол сияқты Жалғас та анасын кешіріп, түсінген соң есіне жақсы естеліктер түсе бастайды: анасымен бірге ән айтқаны, анасына хат жазғаны, әңгімелескені… Кабинетте клиент жылау арқылы жаны тазарса, фильмде Жалғас та жылау арқылы жеңілдік табады.

Шарықтау шегі: Жалғас ер баладан еркекке айналу

Фильм соңында Жалғас анасынан айырылып қалғанын мойындады. Осы сәттен бастап ол бала Жалғастан ересек еркек Жалғасқа айналды. Өмір бар жерде өлім бар екенін түсіну, қабылдау, жақының өмірден озса да ары қарай өмір сүруіңді жалғастыру — ересектіктің белгісі. Шын мәнінде қайғыру процесі 1-3 жыл аралығында өтеді, ауытқушышық жағдайында одан да ұзаққа созылады, ал фильмде бұл процесті 1 күнге сыйдырған. Жалпы қайғыру, жоғалту, жоқтау процесі осы логикада өтетіні шеберлікпен көрсетілген.

“Құшақташы, мама” — орта жастан асқан адамның жан жарасын психотикалық бұзылыс, өлімді жоққа шығару, қайғыру, аза тұту арқылы емдеуі туралы фильм.

Анна Құдиярова
Back to top button