ЕрекшеЖаңалықтар

Құрылтайға кім депутат бола алады

Астанада Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Отырыста сөз сөйлеген мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин бүгін жұмысын бастағалы отырған Конституциялық комиссия – осыған дейін жарты жыл бойы жұмыс істеген Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының заңды жалғасы деді. Ол жұмыс тобы жарты жыл бойы қандай жұмыс істегенін баян етті. Оның сөзінше, жалпы саны, конституциялық реформаға қатысты 7 саяси партия, 16 қоғамдық ұйым өз ұсыныстарын жіберген. Ал, е-Otinish және eGov порталдары арқылы азаматтар мен қоғам белсенділері тарапынан 600-ден астам ұсыныс түскен.

Ерлан Қариннің сөзінше, Құрылтайға депутат болудан үміткерлерге қойылатын талаптар туралы көп пікір айтылған.

“Бұлай болуы заңды да. Кейбіреулер қазіргі талаптарды сол күйі қалдырайық, ешқандай өзгеріс енгізудің қажеті жоқ деген пікір айтты. Енді біреулер талаптарды барынша қатаңдату қажет деп санайды. Қазіргі заң бойынша жасы 25-тен асқан азаматтарымыз мәжіліс депутаты бола алады. Сондай-ақ, олар кейінгі 10 жылда еліміздің аумағында тұрақты тұруы шарт. Ең бастысы, елге қызмет етем деген азаматтардың халық қалаулысы атануға мүмкіндігі болуы қажет. Жұмыс тобы қазіргі мәжіліс депутаттарына қойылатын талаптар Құрылтайға да қатысты болып, сол қалпында қалғаны жөн деген пайымға келді”, – дейді ол.

Мемлекеттік кеңесшінің сөзінше, Құрылтай депутаттарына қойылатын қосымша талаптар конституциялық заңда айқындалуы мүмкін.

Құрылтай депутаттарын сайлау жүйесі туралы

Мемлекеттік кеңесші жұмыс тобы толығымен пропорционалды тәсілге көшуді бірауыздан қолдағанын айтады.

“Сол кезде президент: «Егер бір палаталы парламент құру қажет деген ортақ шешімге келсек, ондай парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн деп санаймын. Бұл – әлемде кеңінен таралған парламенттік рәсім»  деген болатын. Пропорционалды сайлау жүйесі партиялардың кадрлық саясатын дамытып, институционалдық рөлін арттыра түседі. Саяси күштердің қоғам алдындағы жауапкершілігін де күшейтеді”, – дейді ол.

Құрылтай депутаттарының өкілеттілік мерзімі

Президент «Жаңа парламентте депутаттарды бес жыл мерзімге сайлау көзделіп отыр» деп нақты атап өткен. Жұмыс тобы да осы пайымға тоқтаған. Бұл мерзім болашақ Құрылтай құрамын жаңартып отыру тұрғысынан тиімді, яғни сайлау науқандарының жиілігі жағынан алғанда қолайлы болмақ дейді Қарин.

Back to top button