TOP-2Жаңалықтар

Құлыбаевтың бақылауындағы компанияның бір бөлігі аукционда сатылып кетті

Геологиялық барлау және іздестіру жұмыстарын жүргізетін Kundybai Mining компаниясының акцияларының бір бөлігі қайтарылған актив ретінде сауда-саттыққа қойылған. Аукционда ол актив шамамен 36 млн теңгеге өтіп кетті, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Қайтарылған активтерді басқару компаниясы (ҚАБК) Kundybai Mining АҚ акцияларының 20 пайыздық үлесін сауда-саттыққа былтыр жыл соңында шығарған еді. Ол кезде бастапқы бағасы – 51 миллион теңге (кепілдік жарна – 7 миллион теңге) болған. Алайда ол тұста аукционға қатысуға ешкім ниет білдіре қоймаған.

Осыған байланысты биыл аукцион былтырғыдан төмен бағамен өтті. Ақыры актив 35,9 млн теңгеге сатылды.

Компания 14 жылдан бері жұмыс істейді және геологиялық барлау мен іздестірумен айналысады. Ол Алматы қаласында орналасқан. Kompra.kz сервисінің мәліметінше, компанияның алғашқы басшысы – Руслан Хасанов.

Сондай-ақ сервис дерегінде компанияның екі аффилирленген тұлғасы көрсетілген:

  • бақылаушы акциялар пакеті, Kompra.kz мәліметі бойынша, Kazakhstan’s Mineral Resource Investment Company ЖШС-іне тиесілі – бұл Қазақстан резиденті болып табылатын заңды тұлға, компанияның 80 пайызын иеленеді. Ол Joint Resources холдингінің еншілес ұйымы, ал аталған холдингтің иесі – Тимур Құлыбаев;
  • акциялардың қалған бөлігі – 20 пайызы – жеке тұлға Жанар Сейдвалиева (Жанар Мұхатовна) иелігінде.
Back to top button