ҚТЖ қызметкерлерді сабырға шақыру үшін 80 млн теңгеге жуық қаржы жұмсады
Маңғыстаудағы ҚТЖ қызметкерлерінің шағымы мен өтініштерінен соң ұлттық компания оларға жаңа арнайы жұмыс киімін сатып алды. Бұған олар 79 млн теңге жұмсады, деп хабарлайды Tizgin.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.
ҚТЖ ОҚИҒАНЫ ҚАЛАЙ БАҒАЛАДЫ
Оқиға өткен жылдың қазан айында басталған. Бейнеу жол дистанциясының жұмысшылары бейнеүндеу жазып, онда аймақтық бөлімше басшылығы арнайы киімнің жоқтығына наразы болғандарды «сабырға шақыру» үшін сырттан келген адамдарға жүгінгендерін айтты. Жұмысшылар сөзінше, еңбек жағдайы мен арнайы киім мәселесіне арналған жиналысқа екі бейтаныс ер адам қатысқан. Жиналыстан кейін олар қызметкерлерге «тынышталыңдар» деп қоқан-лоқы көрсеткен көрінеді. Осындай жағдайлар бұған дейін де болғаны айтылды.
ҚТЖ бұл оқиғаны ішкі, тұрмыстық сипаттағы жағдай деп бағалап, оны жекелеген қызметкерлер мен басшылық арасындағы түсініспеушілікпен байланыстырды. Мәселені анықтау үшін орталық аппарат пен «Магистральдық желі дирекциясы» өңірге арнайы жұмыс тобын жіберіп, қызметтік тексеріс жүргізді.
КОМПАНИЯ БЕРГЕН ЖАУАП
Жұмысшылар бірқатар басшыны қызметтен босатуды талап еткенмен, әзірге ешқайсысы ресми түрде күдікті деп танылған жоқ және қызметінен шеттетілмеді.
Редакция жолдаған сауалға берген жауабында ұлттық компания арнайы киім, аяқ киім және жеке қорғаныс құралдары стандарттары қайта қаралып, сапасы арттырылғанын хабарлады. Әсіресе мата сапасы мен тігіс деңгейіне өзгерістер енгізілген.
«Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесі» (НЖС-14) қызметкерлер ұсыныстары мен ескертулерін ескеріп, оның ішінде қысқы арнайы киім де жаңартылды. Филиал қысқы костюмдерге (қысқы күрте, демисезондық күрте, шалбар) 79,2 млн теңгеге (ҚҚС-сыз) келісімшарт жасады», — деп хабарлады компания.
Жеткізушілер:
«Жанарыс» ЖШС — 627 жиынтық арнайы киім. Оның 168-і жұмысшыларға берілді;
«ZHamal-ai LTD» ЖШС — 739 жиынтық. Қазірге дейін 194-і жеткізілді.
Қалғаны әзірлеу және тігу кезеңінде. КТЖ-ның мәліметінше, арнайы киім әр жұмысшының жеке өлшеміне сай тігіледі. Жаңа киім ескі жиынтықтың пайдалану мерзімі аяқталғаннан кейін беріледі. Арнайы киім отандық тауар өндірушілерден сатып алынады.
ЖҰМЫС ТОБЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ
Компания Маңғыстаудағы даулы жағдай бойынша жіберілген жұмыс тобының қорытындысын да жариялады.
«Қазан айында Маңғыстау өңіріне орталық аппарат пен дирекция өкілдерінен құралған жұмыс тобы жіберілді. НЖС-14 қызметкерлерінің басым бөлігі басшы Е.К. Ізтұрғановты қолдайтынын айтты. Олар оның міндетін адал атқаратынын, өндірістік процестер тұрақтылығын қамтамасыз ететінін және филиал дамуына үлес қосып жүргенін атап өтті. 500-ден астам қызметкер қол қойған ұжымдық үндеулер де оның басқарушылық қабілетіне деген сенімді растайды», – деп түсіндірді ҚТЖ.
Ішкі тексеріс нәтижесінде Ізтұрғановтың тарапынан ешқандай құқықбұзушылық анықталмағаны хабарланды.