ҚР СІМ министр Нұртілеу Украина СІМ басшысымен сөйлескенін хабарлады
Қазақстан мен Украина СІМ басшылары телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Украина тарапының бастамасымен Қазақстан премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибигамен телефон арқылы сөйлескен.
“Сұхбат барысында тараптар екіжақты және көпжақты форматтардағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылап, өзара қызығушылық тудыратын түрлі салаларда оны одан әрі нығайтуға ортақ мүдделілік білдірді. М.Нұртілеу өңірдегі тұрақтылықты нығайтуға ықпал ететін халықаралық құқық қағидаттарына негізделген берік бейбітшілікке қол жеткізу жолындағы дипломатиялық күш-жігерді жалғастырудың маңыздылығын атап өтті”, – деп хабарлады СІМ.
Бұған дейін Қазақстандағы Орда.кз басылымы Мұрат Нұртілеу мен бизнесмен Гаджи Гаджиев, ҰҚК-ның бірқатар басшылары ұсталғанын хабарлаған еді. Алайда мұны СІМ де, ҰҚК-да жоққа шығарды. Соған қарамастан, Орда.кз басылымының басшысы олар ұсталды деген ақпаратты бірнеше рет жариялады.