ЕрекшеҚоғам

ҚҚС елдегі тариф бағасының қымбаттауына әсер етіп жатыр

Қазақстандағы үш ірі мобильді байланыс операторының екеуі ҚҚС өсіміне байланысты тарифтер бағасы көтерілетінін айтып жатыр. «Курсив» редакциясы операторлардан қызмет бағалары қаншаға өсетіні туралы ақпарат алды, деп хабарлайды Tizgin.kz kz.kursiv.media-ға сілтеме жасап.

Beeline
25 қараша күні Beeline Қазақстан компаниясы 2026 жылдың 1 қаңтарынан ҚҚС мөлшерінің өзгеруі байланыс, интернет және қосымша қызметтер бағасына әсер ететінін хабарлады. Абоненттік төлемдер тарифтерге сәйкес түзетіледі, ал қолданушылар өзгерістер күшіне енбей тұрып 30 күн бұрын хабардар етіледі.

«Курсивтің» тарифтердің нақты қаншаға қымбаттайтыны туралы сұрағына жауап ретінде Beeline орташа көрсеткіш жоқ екенін, себебі бұл нақты тарифтік жоспарға байланысты болатынын айтты.

«Бағаның өсуі тарифтік жоспар мен оның құрамына тәуелді болады», – деп хабарлады Beeline өкілдері.

Компанияның ресми сайтында 15 қаңтардан бастап «Мега» және «Премиум Отбасы» топтарына біріктірілген архивтік тарифтер бойынша абоненттік төлемдердің көтерілуі туралы жаңалық бар.

Мысалы, «Мега Премиум» тарифінде төлем 11 999 теңгеден 15 999 теңгеге дейін өседі, яғни 4 мың теңге (+33%). Сонымен қатар пакетке бір емес, екі абонентті қосуға болады.

«Мега 1 2023» тарифінде төлем 4 999 теңгеден 6 199 теңгеге, яғни 1,2 мың теңгеге (+24%) өседі. «Мега S» тарифінде өсім 1,5 мың теңгені құрайды.

Tele2
Tele2-де де 25 желтоқсаннан бастап тарифтер бойынша абоненттік төлем мен қызмет көлемі өзгереді деп хабарланды. Компания бұл шараны желілерді дамыту, модернизациялау және қызмет көрсету шығындарының өсуі, сондай-ақ салық заңнамасындағы өзгерістермен байланыстырады.

«Курсив» сұрағына нақты тариф өсімінің мөлшері әлі берілмегенімен, абоненттер өздерінің ескі тарифтеріне байланысты хабарламалар ала бастағандарын айтты. Мысалы, «Ерекше тиімді» тарифінде 5 190 теңгеден 5 990 теңгеге дейін өседі, яғни 800 теңге (+15%). Сонымен қатар, трафик көлемі 70 Гб-тен 85 Гб-ке ұлғайтылады.

«То что надо» тарифі бойынша баға 5 490 теңгеден 6 490 теңгеге дейін өседі (тариф атауы «Ерекше тиімдіге» өзгереді), яғни тура 1 000 теңге (+18%). Айта кетейік, бұл тариф 2025 жылғы сәуірде де 1,4 мың теңгеге қымбаттаған еді (бұрынғы бағасы 4 000 теңге).

Kcell және Activ
Қызмет бағаларын көтеретінін әлі жарияламаған жалғыз оператор – Kcell. Компания «Курсив» сұрағына жауап ретінде ҚҚС өзгерісін зерттеп жатқанын және жағдайдың құбылуына қарай бірнеше жол қарастырылып жатқанын хабарлады.

«Тарифтерді түзету туралы шешім әлі қабылданған жоқ. Бірақ жазда біз «Лучше» тарифтік желісінің бағасын бекіттік – бұл баға кем дегенде 2027 жылға дейін өзгеріссіз қалады. Көптеген клиент үшін бұл ең тиімді нұсқа», – деді Kcell.

Компания тарифтерді өзгерту мүмкіндігі туындаған жағдайда алдын ала хабарлайтынын уәде етті.

Естеріңізге салайық, бұған дейін Threads әлеуметтік желісінің қолданушылары Altel және Beeline мобильді операторлары тарифтерін көтергенін хабарлады. Абоненттер мәліметінше, Altel-дің ең танымал тарифтерінің бірі шамамен бір жарым есе қымбаттайды.

Back to top button