ЕрекшеҚоғам

«Қорқатын шаруа емес»: Олжас Құспеков Ата заң жобасындағы тіл бабы жөнінде пікір білдірді

Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков Конституция жобасында қызу талқыланып жатқан – 9 баптың 2-ші тармағы жөнінде пікір білдірді. Депутат ол тұрғыда қорқатын ештеңе жоқ деп есептейді, деп жазады Tizgin.kz.

Мәжіліс кулуарында сұраққа жауап берген ол Конституция жобасының тіл туралы бабы дүрліктіріп талқылауды қажет етпейтінін атап өтеді.

“Әлбетте, әркім патриот болғысы келеді. Қорқыныш, үрейлер бар. Бірақ қорқатын, дүрліктіретін шаруа емес. Өйткені ол бап қазіргі Конституцияның редакциясында бар. Тура сол күйде, ешқандай өзгеріссіз әкелініп жатыр. Жаңадан келіп жатқан еш нәрсе емес”, – дейді ол.

Олжас Құспеков өз өмірінен мысал келтірді. Айтуынша, өзі Ақмола облысындағы неміс ауылында өскен. Сол ауылда өзінен он жас үлкен азаматтар қазақ тілінде сөйлемеген. 

“Ауылда мектеп директоры неміс болды. Әкем сол кісімен қырылысып жүріп қазақ сыныбын аштырды. Немістің ортасында өсіп шыққан біз тіл жағынан ешқандай кемшілік көрген жоқпыз. Тілдің дамуы жұмсақ күшпен жасалады. Конституцияда қалай белгіленіп жатса да, қоғамда өзіміздің тілге қарым-қатынасымыз дұрыс болмаса, қазақ тілін өзіміз талап етпесек – тіл дамымайды. Сондықтан, бәрі өзіміздің ішкі мәдениетімізге байланысты”, – деді Олжас Құспеков.

Депутат осы мәселеге келгенде геосаяси факторды есепке алу керектігін, қазақ тілінде сөйлемейтін өзге этностар мен қазақтарды тілге үйретіп, мәселе шешілуі керектігін айтады. Тіл тақырыбындағы мәселелерлі “балтамен шапқандай” шешетін шаруа емес дейді.

Жаңа Конституция жобасында мемлекеттік тіл туралы 9-бапта жазылған. 9-баптың бірінші тармағында “Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі” деп жазылса, екінші тармағы “Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады” деп көрсетілген. Көпшілік осы бапқа қарсылық білдіріп, екінші тармақтан орыс тілін алып тастауды талап етеді. Кейбір азаматтар ағылшын тілін қосу керек деп те пікір жазады.

Конституция жобасының толық нұсқасын мына сілтемеден оқуға болады.

Back to top button