Байділдинов «Самұрық-Қазына» қоры қоғамдық кеңесінде жұмыс істей береді – Жақыпов

“Қоғамдық көлікте билет бағасы 500 теңге болуы керек” деп бір шулатып, Қазақстанда орыс сыныптарының азайғанына алаңдаған Олжас Байділдинов “Самұрық-Қазына” қорының қоғамдық кеңесіне мүшелердің бірі. Жақында қоғам тарапы оны қатты сынаған, әнші Димаш Құдайберген тіпті оны жұмыстан шығару керек деп мәлімдеген. Бұл жайттар жөнінде Самұрық-Қазына басшысы Нұрлан Жақыпов не дейді? Байділдинов кеңеске мүше болып қала бере ме? Tizgin.kz тілшісі бұл сұрақты Ақорда кулуарында Жақыповтың өзіне қойды.
«ОЛ ҚАЙРАТКЕР ЕМЕС»
“Шын айтасыз. Бізде қорда қоғамдық кеңес деген бар. Ережелерімізге сәйкес, бұл кеңеске тиісті мүше тағайындалады. Бұл ақысы толық төленетін жұмыс емес. Қоғам қайраткерлері ерікті түрде жұмыс істеп жатыр. Жыл басында Байділдинов сол қорға мүше болып тағайындалды. Сол кеңес процедураларына сәйкес қазір ол жұмыс істеп жатыр.
Сосын журналистер «сонда ол істей бере ме?» деген сауал қойды.
“Кеңес мүшесі ретінде істей береді. Себебі, оның мерзімі әлі аяқталған жоқ, – деді қор басшысы.
БАҚ өкілдері оның берген жауабына сәйкес, «Байділдин қоғам қайраткері ме» деген сауал тастады. Нұрлан Жақыповтың сөзінше, “ол қайраткер емес”. Бірақ кеңеске мүше болуға әр Қазақстан азаматының мүмкіндігі бар. Жалпы, аталған тақырыпқа қатысты «Самұрық-Қазына» қоры тарапына түрлі сауал түскен болатын. Бірақ Жақыпов бұл тек қор өкілдеріне байланысты еместігін, ұжымдық келісім шеңберінде қабылданған шешім екенін алға тартты.
БАЙДІЛДИНОВТЫҢ БАСЫ НЕ ҮШІН ДАУҒА ҚАЛДЫ
Еске сала кетейік, бұған дейін Олжас Байділдинов Астана мен Алматыдағы қоғамдық көлікте жол ақысы 500 теңге болуы керек деп мәлімдеген еді. Оның айтуынша, көлік компаниялары шығынмен жұмыс істеп отыр, ал қазіргі тарифтер олардың шығынын жаппайды.
Байділдинов бұрын да даулы сөздерімен көпке танылған. Мәселен, қанды Қаңтар оқиғасы кезінде ол газ бағасын көтеруді қолдап, «газ қымбат дейтіндей автобуспен жүре алады» деп те көптің ызасына тигені бар. Ал жақында оның бір жыл бұрын Ресей журналистеріне берген сұхбатында «қазір Қазақстанда сыныптардың 70 пайызы қазақ, 30 пайызы орыс тілді. Бәлкім, Ресейге бұрынғыдай өз мектептерін ашу керек шығар. Бұл ішкі саяси қайшылықтар да туындатуы мүмкін. Қазақстаннан тағы антиресейді құрғалы жатқан шығар, сол үшін әлбетте, бірдеңе істеу керек» деген еді Байділдинов.