ҚазТАГ ештеңе бүлдірген жоқ – Бапи
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Freedom Finance компаниясының арызы негізінде қамауға алынған ҚазТАГ бас редакторы Әмір Қасеновтің ұсталуы жайлы пікір білдірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Депутат бұл пікірін журналистердің сұрағына берген жауабында айтты.
«ҚазТАГ-пен байланысты жағдай мүдделі күштердің әрекеті ме деп ойлаймын. Мәселен, билік тарапынан мен өзім байқап жүрмін, соншалықты қысым көрген жоқ. ҚазТАГ-тың өзі де мемлекеттік позиция тұрғысынан, «рамкадан» шығып, ала тайдай болып жүрген баспасөз емес. Ол мемлекеттік мүдде тұрғысында, ақпараттық заңнама негізінде жүрген БАҚ. Кейде қоңырсыған тақырыптарды қозғайтын шығар, бірақ ол енді барлық БАҚ-қа тән. Ал алабөтен бірдеңені бүлдірді деп айта алмаймын. ҚазТАГ пен Турловтың азаматтық-құқықтық кикілжіңнен туған мәселе деп ойлаймын», – дейді Бапи.
Депутат сондай-ақ, Тимур Турловтың өзі жайлы ойын айтты. Сөзінше, «Турловтың өзі Қаңтар оқиғасынан кейін аспаннан түскендей топ ете түскен».
«Ал ҚазТАГ тоқсаныншы жылдардан бері келе жатыр. Нұрлан Смағұлов, Марғұлан Сейсембай, Болат Әбілов – олар әлі миллиардер емес. Олар Қазақстанның тәуелсіздігінен бері қалыптасып келе жатыр. Ал Турлов келеді де, миллиардер болады. Әрине, бизнес-қауымдастық ортасында кикілжің, ой, наразылық болады. «Біз қаншама еңбек етеміз, елдің мүддесіне жұмыс істейміз, ал сырттан келіп, Турлов топ ете түседі» дейді. Турлов – ресейлік капиталдың өкілі ретінде келгені шын. Ресейде қазір ақшаны, капиталды сыртқа шығарудың проблемасы бар. Сондықтан ақырындап, Ресейдің активтері, капиталы келіп жатқан жағдай бар. Мұның ірі өкілі ретінде осы елде бизнес жасап жатыр», – дейді ол.
Ермұрат Бапи сөзінде Турлов «бір бүйрегімен Ресейге қызмет етіп жүргені заңдылық» деп есептейді.
Еске сала кетейік, Астанада KazTAG бас редакторы Әмір Қасенов кеше ұсталған. Оның расында да, қамауға алынғанын бүгін қалалық полиция департаменті растады.
Өткен аптада Freedom Finance компаниясымен дауы бар KazTAG басылымының басшылары Астанада баспасөз мәслихатын өткізген еді. Олармен бірге «Freedom Finance-қа алдандық» деген салымшылар да жиында сөз сөйлеген.

Tizgin.kz редакциясы осы жиыннан кейін Freedom Finance компаниясының басшысы Тимур Турловқа ресми сауал жолдаған болатын. Бұл даудағы банктің ұстанымын мына сілтемеден оқи аласыздар.