ЕрекшеЖаңалықтар

Қазпошта газет-журнал таратудан «миллиардтап шығынға ұшырадық» деп шағымданды

«Қазпошта» басшылығы кейінгі бірнеше жылда газет-журнал таратудан миллиардтап шығынға ұшырағанына шағымданды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Еске сала кетейік, бұған дейін депутат Ермұрат Бапи «Қазпошта» қағаз газеттерге қызмет ақысын бірнеше есе өсіргенін, соның салдарынан банкрот болу қатерін төніп тұрғанын мәлім еткен еді. Оның сөзінше, биылғы жылдың шілде айында пошта арқылы мерзімді басылымдарды тарату қызметінің ақысы 1000 пайызға дейін артқан. Бұл тариф өңірлік және аудандық газеттердің қаржылық жағдайына ауыр тиген.

ЖӘКЕЕВТІҢ ЖАУАБЫ

«Қазпошта» басшысы Бекежан Жәкеев «Қазпошта» баспа өнімі басылымнан шықпаған, күшін жойған жағдайда жазылушылар алдында міндеттеме алатынын, күші жойылған жазылым сомасы бірінші талап етуі бойынша жазылушыларға төленетінін атап өткен. 2021 жылдан бері күші жойылған жазылым бойынша жазылушыларға қайтарылған сома 137,7 млн теңгеден астам соманы құрағанын хабарлаған.

“Бұл жайттар Қазпоштаның қызметіне тәуелді болмағандықтан, компания игерілмеген қаражатты жазылушыларға уақтылы қайтару үшін қаржы резервін қалыптастыруға міндетті. Осыған байланысты редакцияларға қаражатты аудару жазылым сомалары нақты түсуіне қарай ай сайын жүзеге асырылады», – дейді Жәкеев.

Одан бөлек Жәкеев редакцияларға бөлінетін субсидиялар нақты шығынды жаппайтынын, ал тарифтердің төмендігі «Қазпошта» үшін бұл қызметті экономикалық тұрғыда тиімсіз ететінін айтады. «Қазпошта» бастығының мәліметінше, 2021-2023 жылдары ауылдық елдімекендерде мерзімді баспасөз басылымдарын тарату қызметтерін көрсетуден «Қазпоштаның» шығындары мынадай болған:

  • 2021 жылы – 7,2 млрд. теңге;
  • 2022 жылы – 8,7 млрд. теңге;
  • 2023 жылы – 8,6 млрд. теңге;
  • 2024 жылы – 10,4 млрд.теңге.

Қазпошта басшысының хабарлауынша, өткен жылдары жиналып қалған шығынды Қазпошта басқа қызмет түрлерінен түскен табыстармен жабуға мәжбүр, соның салдарынан компанияның бүкіл қызметі бойынша теріс қаржылық нәтиже қалыптасады. “Қызметтердің шығындылығына қарамастан, Қазпошта Әмбебап пошта байланысы қызметтерінің сапа көрсеткіштеріне сәйкес, ауылдық елдімекендерде мерзімді баспасөз басылымдарын тарату бойынша өзіне жүктелген міндеттемелерді орындау бойынша жан-жақты шаралар қабылдайды» дейді Жәкеев.

Back to top button