Каспий құбыр консорциумы (КТК) жүйесі арқылы Қазақстан мұнайын Еуропаға жеткізу ісі шектеле бастаған кезде ҚазМұнайГаз (ҚМГ) экспорт көлемін балама бағдарларға жедел түрде қайта бағыттады. Бұл туралы ұлттық компания ресми түрде хабарлады, деп жазады Tizgin.kz.
ҚМГ дерегінше, 2025 жылдың желтоқсан айында өзге бағыттар арқылы шамамен 300 мың тонна мұнай жөнелтілген. Мұнайдың бір бөлігі Германия мен Қытайға жеткізілсе, тағы бір бөлігі Баку–Тбилиси–Джейхан (БТД) бағыты бойынша экспортталған.
Ұлттық компания атап өткендей, қайта бағытталған көлемдер «ҚазТрансОйл» АҚ жүйесі арқылы жүзеге асқан және бұл жұмыс 2026 жылдың қаңтарында да жалғасады.
«КТК тарапынан мұнай қабылдауға қатысты шектеулерге байланысты 2025 жылдың желтоқсанында өзге экспорттық бағыттар бойынша шамамен 300 мың тонна мұнай қайта бағытталды. 2026 жылдың қаңтарында да КТК жүйесіндегі шектеулер сақталуына орай, мұнайды балама маршруттар арқылы жеткізу шаралары жалғасады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Германияға (Шведт қаласындағы МӨЗ) жеткізу көлемі 2,1 млн тоннаны құрады, ал 2026 жылы бұл көрсеткіш 2,5 млн тоннаға дейін ұлғаюы мүмкін», — деп хабарлады ҚазМұнайГаз.
Компания мәліметінше, Ақтау портынан Баку–Тбилиси–Джейхан бағытына жеткізілген мұнай көлемі 2025 жылы 1,3 млн тоннаны құраған. Ал 2026 жылға жоспарланған көлем – 1,6 млн тоннаға дейін жетуі ықтимал.
Сонымен қатар ҚМГ Қазақстан мұнайын Қытай Халық Республикасына экспорттау тұрақты түрде жалғасып жатқанын атап өтті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ҚХР-ға 1,1 млн тонна мұнай экспортталған.