Қазақстанның үш өңірінен жастар кетіп жатыр
Соңғы жылдары республикада жастар арасындағы көші-қон айтарлықтай күшейе түсті. Өмір сүру мен жұмыс істеу үшін қолайлы жағдай іздегендер туған өлкелерін тастап кетіп жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.
САРАПШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ
EnergyProm дерегінше, өткен жылғы миграциялық сальдо 10,6 мың адамды құрап, бұл соңғы бірнеше жылдағы ең жоғары көрсеткіш болып тіркелді.
2024 жылы 14 пен 34 жас аралығындағы 538 мыңнан астам адам тұрғылықты мекенжайын ауыстырған. Бұл былтырмен салыстырғанда 27%-ға артық, – дейді Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасаған сарапшылар.
Жастар легі көбінде Астана мен Алматыға ағылады. Елорданың өзіне бір жыл ішінде 100 мыңға жуық жас көшіп барса, 88 мыңдай жастың таңдауы Алматыға түскен.
«Жастардың кейбірі алыс жақтарға қоныс аударып жатса да, ірі қалалардағы көші-қон сальдосы әлі де ең жоғары деңгейде қалып отыр. Бұл жерде, Астана (+32,7 мың) мен Алматыны (+24 мың) мысал етіп отырмыз. Жалпы, көшіп келген жастардың жартысына жуығы осы екі мегаполисті таңдаған», – делінген талдауда.
КӨШІ-ҚОНҒА СОҒЫСТЫҢ ӘСЕРІ БАР МА
Алайда, елдің 20 өңірінің 15-інде кері үрдіс байқалады. Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарының жастары туған өлкелерінен үздіксіз кетіп жатыр. Сарапшылардың айтуынша, жастар көбінде ауылдан көшуде.
Бұдан бөлек, сыртқы көші-қон көлемі де артып келеді. Қазақстанға шетелден келетін жастар саны көбейіп отыр. 2024 жылы елге 13,9 мың иммигрант келген, басым бөлігі – ТМД елдерінен. Ал шетелге кеткен қазақстандықтардың саны – 3,3 мың адам.
Сыртқы көші-қондағы оң сальдо 2022 жылдан бері сақталып келеді. Бұл Украинадағы соғыс басталып, Ресейде мобилизация жарияланғаннан кейін Қазақстанға жаппай көшу кезеңімен тұспа-тұс келіп отыр.