Қазақстанның қай өңірлерінде мұғалімдердің құқығы жиі бұзылады

Оқу-ағарту саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Серік Әшіров Қазақстанда мұғалімдер арасында анонимді сауалнама жүргізілгенін хабарлады, деп жазады Tizgin.kz.
Ол Семейде мұғалімнің шыршаны безендіру кезінде жарақат алғанын, Қостанайда ұстаздарды тыйымға қарамастан жағажайға кезекшілікке шығарғанын еске салды.
«Бұл деректер жергілікті атқарушы органдардың педагог мәртебесіне қатысты заң нормаларын әлі күнге толық орындамай отырғанын көрсетеді. Биыл шілде және тамыз айларында комитет «Педагог мәртебесі туралы» заң талаптарының сақталуына байланысты қысқаша анонимді сауалнама жүргізді. Респонденттер заң бұзушылық фактілерінің бар екенін айтты», – деді Әшіров Оқу-ағарту министрлігіндегі кеңесте.
Ең көп құқық бұзушылық Павлодар, Түркістан және Алматы облыстарында тіркелген.
Комитет басшысының айтуынша, сауалнама нәтижелері педагог мәртебесін қорғау мәселесін шешу үшін жүйелі шаралар қабылдау қажеттігін айқын көрсетіп отыр.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Педагог мәртебесі туралы» заңға түзетулер енгізуді ұсынған еді. Мемлекет басшысы кез келген жазатайым жағдай үшін мұғалімдерді бірден жазалауға болмайтынын атап өтті.