ЕрекшеҚоғам

Қазақстанның кей тұрғыны зейнетке 50 жастан бастап шыға алады

Жеткілікті шекте зейнетақы жинағы бар қазақстандықтар заңда белгіленген зейнет жасын күтпей-ақ, 50 жастан бастап өмір бойына зейнетақы төлемдерін ала алады. Бұл туралы Kazinform еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап хабарлады.

ЗЕЙНЕТАҚЫ АНУИТЕТІНІҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ

Ведомство мәліметінше, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) қажетті мөлшерде қаражаты бар азаматтар зейнетақы аннуитеті шартын жасасу арқылы ерлер – 55 жастан, әйелдер – 53 жастан бастап төлем ала алады. Ал міндетті кәсіби зейнетақы жарналары кемінде бес жыл бойы аударылған азаматтар үшін төлем алу жасы 50 жасқа дейін төмендетіледі.

Зейнетақы аннуитетінің басты артықшылығы сол, төлемдердің жинақ сомасына қарамастан, өмір бойы жүргізілуі.

2026 жылы зейнетақы аннуитеті шартын жасасу үшін қажетті зейнетақы жинақтарының ең төменгі мөлшері:

  • ер адамдар үшін – 10 715 001 теңге;
  • әйелдер үшін – 14 039 988 теңге;
  • міндетті кәсіби зейнетақы жарналары бар ер адамдар үшін – 8 713 438 теңге;
  • міндетті кәсіби зейнетақы жарналары бар әйелдер үшін – 11 667 514 теңге.

Министрліктегілер Үкімет бастамасымен 2004 жылы «Мемлекеттік аннуитеттік компания» өмірді сақтандыру жөніндегі акционерлік қоғамы құрылғанын тағы бір еске салды. Компания елде жаңа әлеуметтік саясат құралы – зейнетақы аннуитеттерін жүзеге асыру мандатын алып, Қазақстанда алғаш болып өмір бойғы сақтандыру төлемдері бойынша шарттар жасай бастады.

РЕСМИ ДЕРЕКТЕРДЕ НЕ ДЕЛІНГЕН

МАК деректеріне сәйкес, 2025 жылы 35 мыңнан астам қазақстандыққа төленген сақтандыру төлемдерінің жалпы көлемі 2,7 млрд теңгеден асты.

Сонымен қатар компания міндетті және ерікті бағдарламалар аясында өмірді сақтандыру қызметтерін көрсетеді. Олардың ішінде қызметтік міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру да бар. 2025 жылы мұндай шарттар бойынша сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 4,3 млрд теңгені құрап, компания тарихындағы рекордтық көрсеткішке жетті. Жалпы саны 3,7 мың сақтандыру шарты жасалып, 257 мыңнан астам азаматтың әлеуметтік қорғалуы қамтамасыз етілді.

Бұдан бөлек, сақтандырылған қызметкерлер үшін әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу, асыраушысынан айырылуына байланысты төлемдер, зиянды өндіріс орындарында еңбек ететіндерге арналған зейнеталды аннуитеттік төлемдер, сондай-ақ қызметкер өндірісте қаза тапқан жағдайда жерлеу шығындарын өтеу қарастырылған.

Back to top button