Қазақстанның ресми статистикасы халықаралық стандарттарға толықтай дерлік сәйкес келеді
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы Қазақстанның ұлттық статистикалық жүйесіне жүргізген тереңдетілген шолудың қорытындысын жариялады. Сарапшылар елдегі ресми статистиканың басым бағыттары ЭЫДҰ-ның озық саясаты мен тәжірибесіне толықтай дерлік сәйкес келетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.
ЭЫДҰ қандай жетістіктерді атап өтті
Қазақстанның статистикалық жүйесі деректердің дәлдігі мен шынайылығы, өзектілігі, уақтылығы, қолжетімділігі, түсініктілігі және халықаралық талаптарға сәйкестігі бойынша бағаланған.
ЭЫДҰ сарапшылары Қазақстанның цифрлық статистикалық тіркелімдерді дамытып, оларды мемлекеттік органдардың деректерімен ықпалдастыруын маңызды жетістік деп атады. Сонымен бірге әкімшілік деректердің белсенді енгізілуі, ақпаратты жинау мен өңдеудің цифрландырылуы және респонденттерге түсетін жүктеменің азаюы оң бағаланған.
Елде дәстүрлі сауалнамалармен қатар фискалдық чектер мен мобильді позициялау деректері секілді баламалы ақпарат көздері де қолданыла бастаған. Бұған қоса, Қазақстан халық санағын жүргізудің тіркелімдік моделіне кезең-кезеңімен көшіп жатыр.
Ұйымның бағалауынша, бұл өзгерістер ресми статистиканы дамытудың қазіргі халықаралық үрдістеріне сай келеді. Жаңа тәсіл ақпараттың сапасы мен жеделдігін арттырып қана қоймай, бизнес пен азаматтардың есеп тапсыруға жұмсайтын уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.
Ұлттық статистика бюросы алдағы уақытта жасанды интеллект пен автоматтандыруды үлкен көлемдегі деректерді өңдеу, аномалияларды анықтау, мәліметтерді жіктеу және болжам жасау үшін пайдалануды жоспарлап отыр.
Қай бағыттарды жетілдіру қажет
Жоғары бағамен қатар, ЭЫДҰ сарапшылары Қазақстанға ұлттық статистикалық жүйенің бірқатар бағытын күшейтуді ұсынды. Олардың қатарында мемлекеттік сектордың берешегі, кәсіпорындардың құрылымы мен демографиясы, экологиялық-экономикалық есеп және кәсіпорындардың сипаттамалары бойынша бөлінген сауда статистикасы бар.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, осы бағыттардың бір бөлігі бойынша жұмыстар қазірдің өзінде жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, деректердің қамтылуын кеңейту, оларды түсіндіру сапасын арттыру, метадеректерді нақтылау және статистиканы тереңірек бөлшектеу көзделген.
Тереңдетілген шолу 2023–2025 жылдары Ұлттық статистика бюросының бастамасымен жүргізілген. Осы кезеңде ЭЫДҰ сарапшылары Қазақстанға үш рет келіп, статистикалық жүйенің құқықтық, институционалдық, әдіснамалық және технологиялық негіздерін зерттеген.
Бағалау ұлттық шоттар, баға мен еңбек нарығы статистикасынан бастап сыртқы сауда, халықтың табысы мен әл-ауқаты және экологиялық-экономикалық есепке дейінгі салаларды қамтыды.
Қазақстан 2025 жылы ЭЫДҰ Кеңесінің тиісті статистикалық практика жөніндегі ұсынымына қосылған ТМД-дағы алғашқы мемлекет болды. Бұл құжат ресми статистиканың сапасы, сенімділігі, объективтілігі мен ашықтығына қойылатын халықаралық талаптарды айқындайды.