Қазақстанға қарағанда ет бағасы БАӘ-де арзан

Соңғы уақытта Қазақстанда ет бағасының қымбаттығы жөнінде пікірталастар көп. Global Product Price порталының мәліметіне сәйкес, 2026 жылғы қаңтарда Қазақстан сиыр етінің бағасы бойынша 76 елдің ішінде 42-орында тұр, деп хабарлайды Tizgin.kz kz.kursiv.media-ға сілтеме жасап.
Бұл туралы kursiv.media Ranking.kz ұсынған деректерге сүйеніп хабарлайды.
Жаһандық деректер платформасы көрсеткен баға нақты нарықтағы немесе дүкендегі бағаға өте жақын: 1 келі сиыр еті – 15,1 доллар, яғни 7,4 мың теңге.
ЕТ БАҒАСЫ ТӨМЕН ЕЛДЕР
Қазақстан рейтингтің ортаңғы жағында орналасқанымен, біздің елдегі сиыр еті кейбір Еуропа, Азия және Таяу Шығыс елдеріне қарағанда қымбат. Мысалы, Біріккен Араб Әмірлігінде 1 кг сиыр еті 12,5 доллар, бұл Қазақстанмен салыстырғанда шамамен 17%-ға арзанырақ. Алайда қазақстандық өндірушілер БАӘ мен Үндістанға ет экспортын жолға қоюды көздеп отыр.
Сонымен қатар, Қазақстанмен салыстырғанда сиыр еті арзанырақ елдерге мыналарды жатқызуға болады:
- Словения – 14,6 доллар
- Румыния – 14,2 доллар
- Сингапур – 13,7 доллар
- Мексика – 12 доллар
- Сауд Арабиясы – 9,9 доллар
ЕЛДЕГІ ЕТ БАҒАСЫ АФРИКАДАН АРЗАН БА?
Халықаралық статистика бойынша соңғы жылдары Қазақстан ет бағасы ең төмен елдердің қатарына кірмейді. Осы жағдайға қарамастан, «Бәйтерек» холдингі басшысы Рустам Қарағойшин былтыр «Қазақстандағы ет бағасы шын мәнінде төмен, әлемдегі ең арзан ет – Африкада, 0,47 цент, ал бізде одан да арзанырақ» деп мәлімдеген еді.
Бұл бағаны нақты талдауға келетін болсақ, 0,47 АҚШ доллары шамамен 230 теңге болады. Әрине қарапайым халық мұндай бағаға етті қуана сатып алар еді. Бірақ Қазақстанда соңғы 16 жылда мұндай баға тіркелген емес. Мысалы, 2010 жылғы қаңтарда ресми статистика бойынша 1 кг сиыр еті 641 теңге болған, ол сол кездегі курс бойынша шамамен 4,5 АҚШ долларына тең еді. Яғни, сол кезде де еттің бағасы 0,5 центтен әлдеқайда қымбат болған. Шынайы халықаралық статистика бойынша, тіпті Африка елдерінде де 1 кг сиыр еті ең аз дегенде 5,4 АҚШ доллары тұрады.
БАҒА ҚАЛАЙ ҚҰБЫЛДЫ
Ұлттық статистика бюросы архив деректеріне сүйенсек, 2000 жылғы наурызда 1 кг сиыр еті шамамен 214 теңгеге бағаланған, яғни бұл деректер 26 жыл бұрынғы кезеңді көрсетеді.
2026 жылғы алғашқы екі аптаның дерегіне сәйкес, орташа бағалар келесідей:
- Сиыр еті (сүйексіз) – 4,9 мың теңге/кг
- Жылқы еті – 4,1 мың теңге/кг
- Қой еті – 3,9 мың теңге/кг
Бұл көрсеткіштер орташа салмақты есептеу арқылы қалалар мен облыс орталықтарының деңгейінен алынған. Мысалы, Алматыда сиыр етінің орташа бағасы 5,1 мың теңге, ал дүкендерде 5 мың теңгеден (төс еті) 11 мың теңгеге дейін (кесек ет) өзгереді.
Ел бойынша ең қымбат ет Астанада (6,1 мың теңге/кг), Петропавл (5,6 мың теңге) және Конаев (5,2 мың теңге) қалаларында тіркелсе, ең төмен баға Павлодар (4,1 мың теңге), Семей және Талдықорған (әрқайсысы 4,2 мың теңге) қалаларында байқалады.
Қорыта келгенде, Қазақстанда ет бағасы соңғы 26 жылда едәуір өсті, алайда қалалар арасында айтарлықтай айырмашылықтар сақталған.
ҚЫМБАТТАУ СЕБЕБІ
Соңғы бірнеше айда ет пен оның өнімдерінің айтарлықтай қымбаттауы, азық-түлік инфляциясының басты тақырыптарының бірі. Мысалы, 2026 жылғы ақпан айында ірі қалаларда сиыр еті бағасы жылдық есепте орта есеппен 26,8% өскен. Кейбір қалаларда өсім одан да айтарлықтай байқалды.
Соңғы бір жылдағы тұтыну бағасы индексінің айлық динамикасы көрсеткендей, ет бағасының өсуі қыркүйек айынан бастап жеделдей бастады. Жылдық өсім 19,1%-ды құрап, желтоқсан соңына қарай 22,6%-ға жетті. Ең қатты өзгерістер сиыр етінде (32,1%) және қой етінде (28,8%) байқалды.
Маңыздысы, ет бағасының өсуі тек Қазақстанға тән құбылыс емес, бұл әлемдік тенденция. Бұл объективті факторларға байланысты: жем-шөп, ветеринарлық препараттар және логистика құнының қымбаттауы. Бұл өз кезегінде етке қатысты тауарлар мен қызметтердің өзіндік құнын арттырып, инфляциялық қысым тудырады.