Қазақстандықтар негізгі ақпаратты әлеуметтік желіден алғанды жөн көреді – сауалнама
DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониториң жүргізу бюросы 2026 жылғы 24 ақпаннан 6 наурызға дейін «Ақпарат көздеріне деген сенім» тақырыбында азаматтар арасында сауалнама жүргізді. Жобаны MediaNet Халықаралық журналистика орталығы PAPERLAB зерттеу орталығымен ынтымақтаса отырып, Конрад Аденауэр атындағы қордың қолдауымен жүзеге асырды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
КӨПШІЛІК АҚПАРАТТЫ ҚАЙ ТІЛДЕ АЛАДЫ
DEMOSCOPE бюросының сауалнамасы қазақстандықтардың медианы тұтыну құрылымы әрқилы екенін және көбінесе респонденттердің таңдайтын тілі мен жасына байланысты екенін көрсетті.
Медиа кеңістікте қазақ тілінің рөлі күшеюі негізгі тенденция болып отыр. Сауалнама азаматтардың айтарлықтай бөлігі – жалпы 76,5%-і қазақ тіліндегі ақпараттарды тұтынатынын көрсетті. Оның ішінде 45,4%-і ақпаратты негізінен мемлекеттік тілде алуды жөн көрсе, 31,1%-і қазақ және орыс тілдерінде теңдей тұтынады. Әр бесінші респондент (21,1%) ақпаратты орыс тілінде алады.
Ақпарат көздеріне сенім деңгейі медианы таңдау кезіндегі маңызды көрсеткішке жатады. Сауалнама нәтижесі аудиторияның көптеген медиа ресурсқа айтарлықтай күдік-күмәнмен қарайтынын көрсетіп отыр. Азаматтардың жартысынан астамы екі дерек көзін ғана салыстырмалы түрде сенімді деп санайды: мемлекеттік БАҚ (57,4%), сонымен бірге туыстары, достары мен таныстары (54,4%). Бұл ақпарат көздеріне сенбейтіндердің үлесі сәйкесінше 30,9% және 29,7%.
Сенім деңгейі респонденттердің жасына орай айтарлықтай ауытқитынын айта кеткен жөн. Мәселен, ресми БАҚ-қа барынша сенім білдірген 18–29 жас аралығындағы респонденттер (66,4%). Ал мұндай ақпарат құралдарына сенім деңгейі төмен топ 50–59 жас аралығындағылар (46,5%).
Қазақстандықтар басқа ақпарат көздеріне сенімсіздікпен қарайды деуге болады:
● Блогерлер мен қоғамдық пікір көшбасшылары – 66,1% сенбейді, 16,6% сенеді
● Әлеуметтік желідегі пабликтер мен топтар – 62,9% сенбейді, 16,7% сенеді
● Ресейлік БАҚ – 60,7% сенбейді, 18,1% сенеді
● Басқа елдердің ақпарат құралдары – 48,9% сенбейді, 21,9% сенеді
● Жекеменшік БАҚ – 43,3% сенбейді, 37,3% сенеді.
Соның ішінде инфлюенсерлерге мейлінше күмәнмен қарайтындар миллиениалдар (30–39 лет) – олардың 72,6%-і блогерлерге сене қоймайды. Бір қызығы, блогерлерге мейлінше оң көзбен қарайтындар зумерлер арасында да (18–29 жас), 50–59 жас аралығындағы топта да байқалды, бұл екі топтағы сенім деңгейі сәйкесінше 20,5% және 21,3%.
Жекеменшік БАҚ-қа келгенде қоғамның пікірі қақ жарылды. Сенім білдірген респонденттер мен сенімсіздік танытқандардың үлесі шамалас: 43,3%-і сенбеймін десе, 37,3%-і сенеді. Ал жекеменшік БАҚ-тың негізгі аудиториясы – жастар (18–29 жас). Бұл жас тобында қолдаушылар үлесі мейлінше жоғары – 49,6%. 60 жастан асқан респонденттердің көзқарасы бұған қарама-қайшы – 52,7%-і жекеменшік БАҚ-қа сене қоймайды.
Медианы тұтыну елдегі сөз бостандығы деңгейіне тікелей тәуелді. 2025 жылы Қазақстан «Шекарасыз репортерлер» (RSF) ұйымының халықаралық баспасөз бостандығы рейтингінде 141-орында тұр, оған сәйкес елдегі жағдай «өте алаңдатарлық» деңгейде.
САУАЛНАМА НӘТИЖЕСІ ҚАНДАЙ
DEMOSCOPE сауалнамасына сәйкес, сөз бостандығын қоғамның бағалауы біртекті емес. Респонденттердің 34,9%-і сөз бостандығына қатысты жағдайды оң бағалайды. Тағы үштен бірі (33,6%) бейтарап баға береді. Азаматтардың 27,2%-і Қазақстандағы баспасөз бостандығының жағдайын теріс бағалайды. Бір қызығы, баспасөз бостандығына қатысты көзқарас респонденттердің жасына байланысты әртүрлі. Мейлінше теріс пікір білдірген 50–59 жас аралығындағылар (36,3%) болса, 18–29 жас өкілдерінің көңіл толмау деңгейі төмендеу (23%). Бұл мәліметтер Ресми БАҚ-қа деген сенім деңгейімен сәйкес келеді – жастар мейлінше оң көзбен қараса, 50–59 жас аралығындағылардың сенім деңгейі төмен болған еді.
DEMOSCOPE зерттеуі мейлінше танымал ақпарат көздерін де көрсетті. Күткеніміздей, қазақстандықтардың жаңалық оқитын негізгі ақпарат көзі әлеуметтік желі болып отыр (55,9%). Одан кейінгі орында біршама төмен көрсеткішпен интернет ресурстар (30,6%) және телевидение (30,2%) тұр.
Одан кейінгі орын YouTube арналар (16,1%) мен WhatsApp, Telegram және басқа мессенджерлерге (13,1%) тиесілі. Дәстүрлі БАҚ ақпарат көзі ретінде аса сұраныста емес: мерзімді баспасөз (3,4%) және радио (2,5%). (Бұл сұрақта екі жауап нұсқасына дейін таңдау мүмкіндігі болды).
Сауалнама кезінде респонденттерден қандай әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде отыратыны және қайдан ақпарат алатыны да сұралды.
Сонымен, қазақстандықтардың пікірі бойынша, мейлінше танымал 5 платформа мынадай:
1. Instagram – 58,0%
2. TikTok – 39,1%
3. WhatsApp – 29,0%
4. YouTube – 28,1%
5. Telegram – 16,4%
Қазақстандықтардың азғантай бөлігі ресейлік Вконтакте (1,7%) және Одноклассники (3,3%) әлеуметтік желілерін құп көреді. Ал респонденттердің 14,7%-і әлеуметтік желіні мүлдем қолданбайтынын айтты. (Бұл сұрақта бес жауап нұсқасына дейін таңдау мүмкіндігі болды).
Ақпаратты тұтыну сапасын көрсететін маңызды критерий – аудиторияның медиа сауат деңгейі мен алған ақпаратты тексеру қабілеті. Зерттеу сауалнамаға жауап бергендердің жалпы 65%-і ақпаратты басқаларға жібермес бұрын тексеретінін көрсетті. Оның ішінде 46,9%-і ылғи дерлік тексерсе, 18,1%-і арасында тексереді. Дегенмен, респонденттердің 10,8%-і ақпаратты ешқашан алдын ала тексермейтінін айтса, 7,8%-і өте сирек жағдайда ғана тексереді.
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ РӨЛІ
Сондай-ақ, респонденттердің 39,2%-і жалған ақпарат пен рас ақпараттың ара-жігін ажырата алатынын айтқан. Соның ішінде 17,6%-і мүлдем қиналмаймын десе, 21,6%-і аса қиын соқпайтынын білдірген. Сауалнамаға жауап бергендердің 33,4%-і ақпараттың рас-өтірігін тексеруде қиналады – 13,1%-і қатты қиналса, 20,3%-і қиналатынын сезінеді. Тағы 23%-і бұл туралы ойланбағанын айтқан.
DEMOSCOPE зерттеуі қазақстандықтардың медианы тұтынуы әртекті екенін және көбінесе қазақ тілінің рөлі күшейіп келе жатқанын көрсетіп отыр, соның ішінде жас топтарына қатысты айырма мен ақпаратты дұрыс қабылдауда медиа сауаттың маңызды екенін де көрсетті. Негізгі ақпарат көзі әлеуметтік желілер, интернет ресурстар және телевидение болып отырса, мерзімді баспасөз бен радио секілді дәстүрлі БАҚ-қа сұраныс төмен.
Аудиторияның сенімі жақындарына, яғни туған-туысына, достары мен таныстарына тәуелді. Басқа ақпарат көздері, соның ішінде блогерлер, әлеуметтік желідегі пабликтер мен шетелдік БАҚ аса сенім тудырмайды.
Мемлекеттік тілдің рөлінің күшеюі қазақ тілінде әртүрлі және сапалы контент өндіру, соның ішінде жастар аудиториясына назар аудару отандық БАҚ пен контент креаторларына арналған стратегиялық маңызды мәселе екенін аңғартады. Сондай-ақ, медиа менеджерлердің алдында материалдарды формат пен әлеуметтік желінің алгоритмдеріне бейімдеу міндеті де тұр, бұл контенттің барынша кең тарауына және назарға ілігуіне ықпал етеді.