Ерекше

Қазақстандықтар енді автокөлік тарихын онлайн тексере алады

Қазақстанда көліктердің тарихын тексеруге арналған жаңа онлайн-сервис іске қосылды, деп хабарлайды Tizgin.kz «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына сілтеме жасап.

«Авто тарихы» делінген жаңа қызмет енді «ХҚКО» мобильді қосымшасында қолжетімді. Оның көмегімен ел азаматтары Қазақстанда тіркелген көліктер туралы толық ақпарат ала алады. Қолжетімді мәліметтер тізімі төмендегідей:

  1. көліктің тіркелуі туралы деректер;
  2.  арест, кепіл, әкімшілік айыппұлдардың болуы;
  3. кедендік рәсімдеу тарихы;
  4.  утилизациялық алымның төленуі;
  5.  арнайы белгілердің болуы;
  6.  берілген техникалық паспорттар.

Ақпарат алу үшін көлік құралының VIN-кодын енгізу жеткілікті. Оның есебі мемлекеттік дерекқорлар мен ақпараттық жүйелер негізінде нақты уақыт режимінде қалыптастырылады.

Қызмет ақылы: бір тексерістің бағасы –500 теңге. Сондай-ақ, арнайы топтамалар сатып алу да қарастырылған: 10 тексеріс – 4 500 теңге; 20 тексеріс – 8 000 теңге.

«Бұл формат көлікті сатып алу кезінде жасырын мәселелерді алдын ала анықтауға, қауіп-қатерді азайтуға және заң тұрғысынан бәрі дұрыс екеніне көз жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, сервис мәмілелердің ашықтығын арттырып, автонарықтағы алаяқтықтың алдын алуға ықпал етеді», – делінген ресми хабарламада.

Back to top button