Қазақстандық фермерлер қосылған құн салығын төлеуді өздері сұрады – министрлік
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин Сенаттағы брифингте ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің өздері қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеуге емеурін танытқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Журналистер вице-министрден ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі әлеуметтік-экономикалық ахуалға қалай әсер ететінін сұрады.
Болжам нақты инфляцияға қатысты жасалды. ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі инфляцияға қосатын жиынтық үлесі шамамен 2–2,5 пайыз деңгейінде. Бұл өсім жаппай болмайды, өйткені көптеген тауар түрлері ҚҚС-тан босатылған. Мәселен, азық-түліктің бірінші қажеттіліктегі түрлерін өндіретін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, шаруа және фермерлік қожалықтар қосылған құн салығынан босатылады. Сондықтан бағаның өсуіне ҚҚС-тың артуы тікелей себеп болады деуге құқықтық та, экономикалық та негіз жоқ, – деді Әмрин.
Оның айтуынша, фермерлер ҚҚС төлеуші болу-болмауды өз еркімен шеше алады.
Мен астық және сүт өнімдерін өндіретін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездестім. Біз оларды ҚҚС төлеуден толық босатуды ұсындық. Бірақ бизнестің өзі: «Бізге ҚҚС төлеу құқығын беріңіздер», – деді. Біз ол құқықты бердік, – деп түйіндеді вице-министр.