TOP-2Пікір

Қазақстандағы өзге этнос өкілдерінің қазаққа айналу процесі басталды – тарихшы

Белгілі тарихшы Жамбыл Артықбаев Қазақстанда өзге этнос өкілдерінің қазаққа айналу процесі басталды деп есептейді. Ол бұл жөнінде Қасқажол арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Тарихшының сөзінше, этнографияда 75/25 деген қағидат бар. Яғни, белгілі бір елде түпкі халықтың үлесі 75 пайыздан асқан кезде ештеңеге қарамай, кіші этностар 75 пайыздың ішіне кіре береді.

“Ол табиғи үрдіс. 75 пайыздың ішіне кірген этностарға өз ортасы тілі, мәдениеті жағынан үлкен әсер етеді. Мәселен, бір этнос өкілінің үйі тұрса, оның маңайында 4-5 қазақ отбасы тұрса, ол амалсыз дәстүрді пайдаланады, балалары қазақша сөйлейді, ділі солай қалыптасады”, – дейді ол.

Жамбыл Артықбаев қазақ болам деген азаматтарға рұқсат беру керек дейді. Яғни тілді мойындаса, дәстүрді сыйласа қоғамға сіңіп кете алады.

“Қазақтың ішінде қазақ болып кеткен қырғыздар бар. Атығайдың ішіне ерте заманнан, Абылай заманына дейін кіріп кеткен. Қырғыздың ішінде ұста-қырғыз дейтіндер бар. Бұлар қайдан шықты десем, “бұлардың атасы Андрюшка” дейді екен. Орыстан бір Андрей деген ұста адам келіп, қазақтың ортасына кіріп, мұсылман болып кеткен екен. Андрюшканың балалары деген бар. Қазақ болып кеткен. Ондайлар көп”, – дейді ол.

Back to top button