Сектордағы капитал табыстылығы жоғары екенін ескерген Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов банктердің шағымдануына негіз жоқ екенін айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап.
ТӨРАҒА БРИФИНГТЕ НЕ ДЕДІ
Ұлттық банк төрағасы қазақстандық банктер минималды резервтік талаптардың (МРТ) көтерілуі салдарынан жылына шамамен 450-500 млрд теңге жоғалтып жатқандарын алға тартты.
«МРТ көтерілсе, демек біз оларға шотта сақтаған қаражат үшін пайызын төлемейміз деген сөз. Бұл, әрине, банктерге ұнамайды. Себебі бұл сектордың кірісін шамамен 450–500 млрд теңгеге қысқартады. Бұл қуантарлық жаңалық емес екенін жақсы түсінемін», – деді Сүлейменов Ұлттық банкте өткен брифинг барысында.
Сонымен қатар, оның айтуынша, банк секторларындағы капитал табыстылығы 30,9%-ды құрайды. Сүлейменовтің сөзінше, бұл өте жоғары көрсеткіш.
«Сондықтан меніңше, банктердің шағымдануына еш негіз жоқ. Олардың қаржылық жағдайы тәп-тәуір. МРТ бойынша нақты жоспарымыз бар, ол кезең сайын өсіп отырады», – деді Ұлттық банк төрағасы.
ЖАҢА ТАЛАП ЕНГІЗІЛГЕН
Қазіргі қаржы практикасына сай, минималды резервтік талаптар (МРТ) – бұл ликвидтілікті және қысқа мерзімді ақша нарығындағы мөлшерлемелерді реттеудің негізгі құралдарының бірі.
Қазіргі қаржы жүйесінде міндетті резервтік талаптар (МРТ) өтімділікті басқару және ақша нарығындағы қысқа мерзімді мөлшерлемелерді реттеу құралы ретінде қолданылады. Минималды резервтік талап – бұл банктің резервте ұстауға міндетті қаражат көлемі. 2025 жылдың қыркүйегінен бастап МРТ бойынша жаңа талаптар енгізілді. Нақты айтсақ, теңгелік міндеттемелер бойынша – 3,5% және 5%-ға дейін, валюталық міндеттемелер бойынша – 10% және 15%-ға дейін.