ЕрекшеЭкономика

Қазақстанда жаңа салық кодексінің бір нормасына қарсы петиция жарияланды

Қазақстанда жаңа салық кодексіне байланысты Үкімет пен Парламентке үндеу түрінде петиция жарияланды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Бизнес өкілдері мен азаматтық қоғам мүшелері Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 286-бабының 16-тармағындағы талапқа алаңдайды. Аталған тармақта:

«Салық төлеушінің тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға жұмсаған шығындары, егер оларды алу сәтінде арнайы салық режимін қолданатын тұлғалар (жеңілдетілген декларация негізінде) жүзеге асырған болса, шегерімге жатпайды», — деп көрсетілген.

Бұл норма іс жүзінде жеңілдетілген декларация негізінде арнайы салық режимінде жұмыс істейтін субъектілермен жасалған мәмілелер бойынша шығындарды тану мүмкіндігін жоққа шығарады.

«Біз Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Парламентін Салық кодексінің 286-бабының 16-тармағын жоюға немесе қайта қарауға шақырамыз. Мемлекет пен бизнес мүдделерінің тепе-теңдігін сақтап, кәсіпкерлердің салық реформасына деген сенімін нығайту қажет», — делінген мемлекеттік ePetition сайтында жарияланған петицияда.

Петиция авторларының айтуынша, бұл норма бірқатар теріс салдарға алып келуі мүмкін: жеткізушілер шеңберінің жасанды түрде тарылуы тауарлар мен қызметтердің қымбаттауына әкеледі; компаниялар жеңілдетілген салық режимінде жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілерімен әріптестіктен бас тартуға мәжбүр болады; ал шағын кәсіпорындар клиенттерінен айырылып, көлеңкелі экономикаға кетуі немесе жұмысын тоқтатуы ықтимал.

Петиция авторлары Салық кодексінің 286-бабының 16-тармағын салық төлеушілердің шығындарды тану құқығын шектейтін норма ретінде алып тастауды сұрайды. Балама нұсқа ретінде — мәміле фактісі бастапқы бухгалтерлік құжаттармен (шот-фактуралар, актілер, жүкқұжаттар, төлем құжаттары) расталған жағдайда шығындарды шегерімге жатқызу құқығын сақтап қалуды және бизнес, сарапшылар мен мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен кең ауқымды талқылау өткізуді ұсынады. Қазір петиция модерация сатысында тұр.

Back to top button