ЕрекшеҚоғам

Қазақстанда сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік күшіне енді

Қазақстанда сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік күшіне енді, деп жазады Tizgin.kz  Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

БАС ПРОКУРАТУРА НЕ ДЕЙДІ

«Азаматтардың жеке бостандығын қорғау шараларын күшейту және «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында 2025 жылы 16 шілдеде Мемлекет басшысы Қылмыстық кодекске жаңа 115-1-бап – «Сталкинг» енгізілген заңға қол қойды. Сталкинг – бұл тұлғаның еркіне қарсы байланыс орнатуға және (немесе) оны аңдуға бағытталған, зорлық-зомбылықсыз жүзеге асырылған, бірақ елеулі зиян келтірген заңсыз қудалау әрекеттері», – делінген сәрсенбі күні таратылған хабарламада.

Агенттіктің мәліметінше, еліміздің заңнамасында алғаш рет мұндай әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік көзделіп отыр: айыппұл – 200 АЕК-ке дейін, 200 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстар немесе 50 тәулікке дейінгі қамау.

«Егер сталкинг зорлық-зомбылықпен, қоқан-лоққымен, бопсалаумен, жеке өмірге қол сұғумен қатар жүрсе, мұндай іс-әрекеттер Қылмыстық кодекстің басқа баптары бойынша қосымша сараланады. Маңыздысы – сталкинг бабымен қылмыстық қудалау нақты зиян болған жағдайда ғана басталады. Мәселен, жеке өмірге қол сұғу, жүріп-тұру еркіндігін шектеу немесе психологиялық қысым көрсету фактілері болған жағдайда. Бұл жауапкершілікті енгізудің мақсаты – зардап шеккендерді ерте кезеңде қорғау және зорлық-зомбылыққа, агрессияға нөлдік төзімділік қалыптастыру», – деп қосты ведомство.

Қадағалаушы орган сталкинг ұғымына құқық қорғау органдары өз құзыреті шегінде орындайтын заңды әрекеттер кірмейтінін атап өтті.

Back to top button