$ 452.59 € 507.67 ₽ 5.48
Жаңалықтар

Қазақстанда қандай мамандар тапшы

Қазақстанда дәрігерлерге, инженерлерге, техникалық және жұмысшы мамандықтарының өкілдеріне сұраныс жоғары. Әсіресе денсаулық сақтау саласында кадр тапшылығы айқын байқалады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Министрлік мәліметінше, елдегі еңбек нарығында білікті мамандарға қажеттілік әлі де жоғары. Өнеркәсіптің дамуы, жаңа өндіріс орындарының ашылуы, инфрақұрылымның кеңеюі және цифрлық технологиялардың енгізілуі жұмыс берушілердің кадрларға қоятын талабын өзгертіп жатыр. Мамандардың кәсіби біліктілігімен қатар заманауи технологияларды меңгеруі де маңызды бола түскен.

Жүздеген бос орынға үміткер аз

Еңбек министрлігінің мәліметінше, биыл кадр тапшылығы ең айқын байқалған салалардың бірі – денсаулық сақтау. Мәселен, елімізде акушер-гинекологтарға арналған 469 бос жұмыс орнына небәрі 100 түйіндеме тіркелген. Яғни, бір үміткерге шамамен бес бос орыннан келеді.

Педиатрлар арасында да жағдай ұқсас. Бұл мамандық бойынша 448 бос жұмыс орны жарияланғанымен, жұмыс іздеушілерден 139 түйіндеме ғана түскен.

Ал анестезиолог-реаниматологтарға арналған 300 бос орынға небәрі 75 түйіндеме тіркелген. Демек, әрбір үміткерге орта есеппен төрт бос жұмыс орнынан келеді. Бұдан бөлек, елде онколог, неонатолог және эндокринолог мамандарына да сұраныс жоғары.

Дегенмен кадр тапшылығы тек медицина саласымен шектелмейді.

Министрлік мәліметінше, жұмыс берушілер білікті электриктерді, механиктерді, слесарьларды, дәнекерлеушілерді, машинистерді, жабдық операторларын, құрылысшылар мен жүргізушілерді де белсенді іздеп жатыр. Инженерлер мен өндірістік процестерді автоматтандыру саласындағы мамандарға қажеттілік те артып келеді.

Сонымен қатар цифрлық технологиялар саласында бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеушілерге, қолданбалы бағдарламалар жасаушыларға және өзге де IT-мамандарға сұраныс сақталып отыр. Жасанды интеллект пен автоматтандыру технологияларының кеңінен енгізілуі цифрлық құралдарды меңгерген қызметкерлердің еңбек нарығындағы маңызын арттырған.

Қанша маман қажет

Еңбек министрлігінің ұзақ мерзімді болжамына сәйкес, 2035 жылға дейін Қазақстан экономикасына 2,9 миллион маман қажет болады. Олардың жартысынан астамы жұмысшы кәсіптерінің өкілдері болмақ.

Осыған байланысты мемлекет техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін еңбек нарығының сұранысына бейімдеуге басымдық беріп отыр. Атап айтқанда, 2026 жылы сұранысқа ие мамандықтар тізімі 51-ден 174-ке дейін кеңейтілген.

Жаңартылған тізімге инженерия, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, биотехнология, жасыл және атом энергетикасы салаларындағы мамандықтар енгізілген. Сонымен қатар мамандарды жұмыс берушілермен бірлесіп даярлау жүйесі дамып келеді.

Үкімет деректеріне сүйенсек, бүгінде еліміздегі 552 колледждің 138 мың студенті дуальды оқыту жүйесімен қамтылған. Бұл жүйе бойынша студенттер теориялық білімді колледжде алып, практикалық дағдыларды кәсіпорындарда меңгереді. Кадр даярлау ісіне шамамен 11 мың кәсіпорын қатысып отыр. Бұдан бөлек, 43 мың студент жұмыс берушілердің нысаналы тапсырысы бойынша білім алуда.

Ал мамандығын ауыстырғысы келетін немесе кәсіби біліктілігін жетілдіруді көздейтін азаматтар үшін қысқа мерзімді кәсіптік оқыту және қайта даярлау бағдарламалары қарастырылған.

Нұрай Әкіремхан

Нұрән Әділет – Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының білім саласына маманданған тілшісі. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды “қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша тәмамдаған. Филология ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын ШҚО-дағы “Өскемен” газетінде корректор, артынша тілші болып бастаған. 2022 жылы “Jana Bastau” газетінде редактордың орынбасары болған. Әр жылдары Inbusiness.kz сайтында корректор, Qaz365.kz порталында тілші, Kursiv Media-ның Business News бөлімінің тілшісі болып жұмыс істеген. 2026 жылдың наурыз айынан бастап Tizgin.kz порталының арнайы тілшісі.
Back to top button