Денсаулық сақтау министрлігі педофилдерге химиялық кастрацияны қолданудың жаңа ережелерді әзірлеп, тиісті бұйрық жобасын жариялады, деп жазады Tizgin.kz.
«Бостандыққа шығарға алты ай қалғанда химиялық кастрацияны қолдану және жазасын өтеу мерзімі аяқталғанға дейін он екі айдан кешіктірілмей мекеме әкімшілігі тарапынан сотқа материалдар жолдау арқылы сот-психиатриялық сараптама тағайындауға түзету енгізіледі. Бұл сараптама адамның психикалық ауытқулары мен жыныстық зорлыққа бейімділігінің бар-жоғын анықтайды», – деп көрсетілген.
Бұйрық жобасын қабылдау әлеуметтік-экономикалық, құқықтық немесе өзге де салдарға әкелмейді және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге әсер етпейді деп мәлімделген.
Құжат 18 тамызға дейін қоғамдық талқылауға ұсынылған.